АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 6 ЕМХАНА САЛУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

69
0

Үшінші мегаполистің денсаулық сақтау саласында көптеген игі бастамалар қолға алынып келеді. Қаладағы медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Материалдық-техникалық базасы да нығая түсуде. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісі де айрықша назарда. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда күрделі оталар үшінші мегаполистегі медициналық нысандардың базасында сәтті жасалып келеді. Алдағы жоспарлар да көп.

Бүгінде сегіз өңірде перенеталдық орталық салу көзделіп отыр. Соның бірі Шымкент қаласында салынады. Бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені қала халқының 40 пайызынан астамы – ұл балалар. Одан бөлек балалардың туу көрсеткіші жоғары. Былтырғы жылы 34 000-нан аса бала туылған. Биылғы жылы да алғашқы алты айдың ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда бір перенеталдық орталық, үш перзентқана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек 315 төсектік балалар ауруханасы бар. Қала тұрғындарына бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші – мемлекеттік, ал отыз бірі – жекеменшік. Жергілікті бюджет арқылы екі мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада шалғай елді мекендер көп. Осы ретте, алдағы уақытта 2025 жылға дейін 6 емхана салу көзделіп отыр. Медицина саласының сапасын көтеру үшін маман білікті болуы қажет. Биыл 2 932 маман біліктілігін арттырды. Айта кету керек, мемлекет басшысы биылғы Жолдауда денсаулық сақтау саласын реформалау бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын маңызды құжатта. Айта кету керек, Шымкентте «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылды. Инвесторлардың қаржыландыруымен ашылған бұл орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап,  науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетеді. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов,  жоба инвесторы «Алмалы» холдингі бас директорының орынбасары Б.Сапаров қатысып, ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты. Алдағы уақытта мекеме өңірдегі медицина саласының әрі қарай дамуына серпін береді. Жалпы медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Сондықтан саланың дамуына көңіл бөлініп келеді. Болашақта да медициналық қызметті жетілдіру ісі назарда болмақ.