БАЛАЛАРҒА БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТІҢІЗ

Балалар әрдайым ата-аналардың бақылауын қажет етеді. Ересектердің бақылауынсыз қалған бала күтпеген төтенше жағдайлар мен техногенді апаттардың құрбаны болуы мүмкін. Осыған байланысты Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы азаматтық қорғау капитаны Хайдар Манас тұрмыста оқыс жағдайды алдын алу үшін ата-аналар назарына төмендегідей ескертулерді қаперден шығармауды ескертеді.

Пешті балаларға тапсырмаңыз

Түркістан қаласы табиғи газға толық қосылған. Бірақ әлі де табиғи газға көшпеген абоненттер бар. Олар жылыту маусымы басталған кезде қатты отынмен жылытылатын пешті пайдаланады. Пешті қолдану үлкен жауапкершілікті талап етеді. Пеш  – дұрыс пайдалансаңыз жылуы күшті жабдық екені сөзсіз. Ал қауіпсіздік ережесін ескермей, мұржасын ыстан тазартпасаңыз пеш үлкен қауіптің көзі болып табылады. Сондықтан да өзіңізбен балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін жылыту маусымы басталғанға дейін және одан кейін пешіңіздің мұржасын арнайы мамандарға тазартыңыз. Содан соң оның алдына пеш қақпасының есігінен түсетін шоқтардың еденге тимеуі үшін қаңылтыр қағып қоюды ұмытпаңыз. Егер қандай да бір себептермен пешіңіздің мұржасын тазалатпасаңыз, кеш қалдым  немесе «отын салса жанып тұр» деп кейінге қалдырмаңыз. Бұл бірінші кезектегі шаруа екенін ескеріп, өзіңізбен балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды жасаңыз. Балаларыңызға пештің маңайына киім, аяқ киім кептіру қауіпті екенін әрдайым түсіндіріңіз. Кейбір азаматтар пешті керосинмен тұтандырады. Бұл өте қауіпті. Құрғақ отын қағазбен-ақ тұтанатынын ұмытпаңыздар. Сонымен қатар пешке көмір, отын салуды балаларға тапсырмаңыздар. Пеш орнатылған бөлмені жиі-жиі желдетіп отыру қажет. Тағы бір маңызды жәйт сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерге қою керектігін ұмытпаңыз.

Газ плитасын өзіңіз басқарыңыз…

Газ плитасы – өркениеттің игілігі. Қолданылуы оңай, көмегі де көп. Дегенмен де пайдалану ережесінде мүлт кетсеңіз оқыс жағдай тудыратынын ұмытпау керек. Күн күрт суығанда газ плитасын бөлмені жылыту үшін жағып қою үлкен қате. Газ плитасы тек су қайнатып, ас-ауқат дайындау үшін қолданылатынын қаперден шығармайық. Және балаларыңызға газ плитасын өшіруді, оған су қайнатуды тапсырмаңыздар. Балаларыңызға газ плитасы орнатылған бөлмеде қалып ойнауға, ұйықтауға жол бермеңіз. Өзіңіздің және балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін газ плитасындағы ашық крандардан газдың шығып жатпауын үнемі тексеріп жүріңіз. Газ плитасы қойылған бөлмені күнде таңертең желдетуді үрдіске айналдырыңыз.

Отшашумен ойнау от бастырады

Көп балалар пиротехникалық өнімдерді өз бетінше сатып алу мүмкіндігіне ие. Бұл өз кезегінде оның оқыс жағдайларды тудыруына немесе жарақат алуына әкеп соқтыруы ғажап емес. Сондықтан да ата-аналар балаларына мектепке барғанда дүкендерден тәттілер, жылы жұмсақтар алуына ақша берерде пиротехникалық өнімдер алмауын үнемі ескертіп, оның қауіпті екенін түсіндіруі керек.  Пиротехникалық өнімдерді ересектердің бақылауынсыз қолдануға болмайтынын ескертіңіздер.

Төтенше жағдай терезеден болмасын

Терезеден құлау жағдайының көпшілігі балалар ата-анасының қарауынсыз қалған шақта орын алады. Сол үшін де үйге балаңызды жалғыз қалдырмаңыз. Үйіңізде жиһаздың барлық түрін терезелердан алыс орналастырыңыз. Себебі, балаларыңыз жиһаз арқылы терезе алдына оп-оңай шығып кетуі мүмкін.
Пластик терезелерге қойылатын москит торларына мүлдем сенбеңіз. Олар тек шыбын шіркейді үй ішіне өткізбеуге арналған кедергі екенін ұмытпаңыз. Бірақ москит торлары салмаққа соның ішінде баланың салмағына төтеп бере алмайтынын біліп жүріңіз. Москит торын көріп, балалар өзін қауіпсіз сезініп, оған сүйенуі мүмкін. Мұның соңы неге апаратынын айтудың өзі қиын. Тіпті ең сапалы торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайтынын Сіз жақсы білесіз. Сондықтан қайғылы жағдайдың себепкері болмасын десеңіз москит торын мұқият қолданған жөн. Егер бала бөлмеде болса, терезе мен балкон есігін ашпаңыз. Жоғарғы терезелерді немесе желдету режимін қолданыңыз. Терезелерге олардың ашылуына мүмкіндік бермейтін арнайы фиксатор қойыңыз. Бұл баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейді.

Терезенің тұтқасына құлып орнату да қауіпсіздіктің тағы бір ережесі екенін ескеріңіз. Егер сіз балаңызға терезенің алдынан сырттағы көріністі көрсетсеңіз, оны мықтап ұстаңыз. Баланың жылдам қимылына дайын болыңыз. Егер Сіздің үйіңізде терезелерді бекіткіш және сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса қам жемеңіз. Бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып алып тастай аласыз.
Үй ішінде балаларға қауіпсіздік туралы кеңесті көп айтыңыз. Отбасындағы үлкен балаларыңызға соңынан ерген кіші бауырларына бас-көз болуын үйретіңіз.

Аязда абай бол!

Қыс айларында боран, бұрқасын, көктайғақ болатыны белгілі. Ата-аналар балаларына боранды күні үйден ұзап шығуға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Көп адамдардың боранды, дауылды күндері алыс елді мекеннен тыс жерлерге барамын деп, бағытынан адасып жатқанын мысал ретінде келтіріңіздер. Сонымен қатар балаларыңызды үсік шалудан қорғаңыздар. Бұдан өзге көктайғақта жүру қауіпті екенін айтып, одан құламас үшін сақтық шараларын ескертіңіздер. Атап айтқанда, көшелерді жол қозғалысы ережелерімен белгіленген орындарда өтуді, жолдан өткен кезде, басқа істерге мойын бұрмауды, әсіресе смартфонмен сөйлесу немесе ойнау, қолды қалтада ұстамау, бұл мұзда тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретінін, тротуарлар, қалалық көлік аялдамалары, дүкендерге кіре берістегі баспалдақтар, үйлердің кіреберісі адамдардың жиі жарақат алып құлайтын жері екенін есіне салыңыздар. Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт балаларыңыз көктайғақта құлап, жарақат алмасы үшін  аяқ киімді дұрыс таңдауға назар аударыңыз. Аяқ киім бұдырлы өрнегі бар тайғанамайтын материалдан жасалған тегіс табанды болуы тиіс.

Электр құралдарын дұрыс пайдалануды үйретіңіз

Өрт оқиғаларының көбі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады. Бұл жағдайға электр құралдарын дұрыс пайдаланбау өз кесірін тигізеді. Сондықтан да электр құралдарын дұрыс пайдалануды қаперден шығармаңыз. Электр құралдарын тиімді пайдалануды өзіңізден бастаңыз. Яғни, үтік, теледидар, фен, телефон қуаттағыштарды пайдаланған соң оны тоқ көзінен ажыратуды ұмытпағайсыз. Ақаулы электр құралдарын қолдануға жол бермеңіз. Балаларыңызға смартфонды қуаттап болған соң қуаттағыш құралды тоқтан ажыратуды үнемі ескертіңіз. Егер сіз белгілі бір жағдайларға байланысты тұрақты жеріңізді ауыстырып, басқа үйге немесе пәтерге көшуге бел бусаңыз, ондағы электр желілерінің ақауы жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Егер ақау  бар болса меншік иесіне оны реттеп беруді талап етіңіз. Ең дұрысы, электр құралдарын балалардың қолдануына жол бермеңіз. Үтік, жылытқыш сынды тоқ көзі арқылы жұмыс істейтін құралдарды розетка орнатылған төңіректен алысқа қою артық етпейді.