«БЕКЗАТ» СЕКТОРЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Түркістан қаласында жылыту маусымы қазан айының соңғы күндері басталды. Жылыту маусымында өрт оқиғаларының болуын алдын алу мақсатында Түркістан қаласындағы «Бекзат» тұрғын алабында тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі және табиғи газды пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Түсіндіру жұмыстарына «Бекзат» тұрғын алқабының инфрақұрылым саласы бойынша мамандары А. Отарбай, Г. Абітай, «Түркістан қаласы Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкері З. Төребек, Түркістан қаласы полиция басқармасының өкілі Ерғазы Тұрды мен Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының маманы Мейрамхан Базарбек қатысты.
Үйлерді аралау тәртібімен жүргізілген профилактикалық шараға «Бекзат» секторы аумағындағы Абай, Сандыбай, Үсенов, Жәңгірхан көшелеріндегі тұрғын үйлер қамтылды. Аталған көшелердегі тұрғындарға сала мамандары өрт және табиғи газдан уланудың алдын алу бойынша ескертпелер жазылған жадынамалар таратты. Сонымен қатар үйлерді жылытатын құрылғылардың атап айтқанда газ қазандықтары, газ пештерінің дұрыс орналасуын тексерді.