ШЫМКЕНТТЕН ШЫҚҚАН ШЫНЫ МОЗАЙКАЛАР ШЕТЕЛДЕ СҰРАНЫСҚА ИЕ

99
0
Шымкентте заманауи технологияларды қолдана отырып шығарылған өнімдер шетелде сұранысықа ие, деп хабаралайды Uakit.kz.
«Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС компаниясы «Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан. 2018 жылдың мамыр айында ашылған компания шыны өндірісінде алдыңғы қатарда саналатын Испания, Италия сияқты елдердегі заманауи технологиялардың тәжірибесі негізінде құрылған. Бүгінгі таңда компания өнімдері декор, кілем тақталары сияқты күрделі сәулеттік шешімдері арқылы Қазақстан нарығында ғана емес, шетелде де сұранысқа ие.
Компания мемлекеттік қолдаудың бар игілігін көріп отыр. «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 14,25 пайызбен несие алса, соның 7,25 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Бұған қоса жеткіліксіз кепілзат орнына «Даму» қоры кепілдік берген.
– «Gidrostroy Glass Mosaic» бренді Қазақстандағы шыны мозайканың алғашқы әрі ең мықты өндірушісі саналады. Инновациялық даму жолын таңдаған компаниямыз ұдайы өнімнің сапасын жақсарту және алуан түрін арттыру, нарыққа өз идеяларын жеткізу бағытында жұмыс істейді, – дейді компания басшысы Олег Хатамов.
Шыны мозайка қабырғаны безендіруге, әшекейлеуге, еденге, бассейндерге, субұрқақтар мен басқа да қажеттіліктерге пайдаланылады. Интерьерді безендіруге арналған көптеген материалдың ішінде шыны ұзақ уақыт бойы мөлдір құрылымын сақтай алады. Компания алдағы уақытта шыны өңдеу және өндіру технологияларды пайдалана отырып, оның бірнеше түрін шығармақ. Ал материалдың құнын төмендету едендер мен қабырғаларды әрлеу үшін шыны мозаиканы қолдануға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасынның мәліметінше жалпы жыл басынан өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 6,7 пайызға артқан. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 590,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем  индексі 8,1 пайызға артып отыр.