ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

86
0
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың төрағалығымен елімізде туризм саласын дамыту жөнінде алқа отырысы өтті. Өңірдің барлық туризм басқармаларының басшылары, турбизнес өкілдері бас қосқан кездесуде өткен жылда атқарылған жұмыстар мен келер жылғы жоспарлар сөз етілді.
Іс-шара аясында Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров шаһардың туристік әлеуетімен таныстырып өтті.
Өткен жылы экспресс-статистикалық мәлімет бойынша Шымкентке 446 мың адам келген. Бұл көрсеткіш, 2021 жылы 316 832 мың адамды құраған. Сәйкесінше, туристерге ұсынатын қонақ үйлер саны артқан. Мәселен, былтыр «Пана», «ДОРА», «Grand Villa Hotel, «Wind hotel», «Big rooms» және «Graf» сынды 6 қонақ үй ашылған. Аталған туристік жобалардың жалпы инвестиция көлемі 4 330 млн. теңге. Осы жобалардың жүзеге асуы арқылы 145 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Ерлан Ермекұлы одан өзге, Шымкент арқылы ұшатын жаңа тікелей рейстер саны артатынын айтып өтті. Бүгінде ішкі рейстер қатарында Астана, Ақтау, Атырау, Алматы, Семей қалалары, Халықаралық рейстер қатарында Стамбұл, Мәскеу, Медина, Джидда, Дубай, Пхукет, Шарм-эль-Шейх қалалары бар. Жақын арада Кутаиси бағыты қайта жаңарып, Душанбе мен Анкараға жаңа рейс ашылмақ. Жалпы, қалада биыл оқиғалы іс-шаралар, яғни MICE-туризм бағытында біршама жобалар қолға алынбақ. Олардың қатарында “ДәмДәсTour», “Shymkent Mobilography Fest”, “Менің гүлді аулам” сынды басқа да бірқатар іс-шаралар бар. Ерлан Ермекұлы басқарма атауының өзгеруі, яғни “креативті индустрия” терминінің қосылуына байланысты бұл бағытта да жобалар және осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары жүргізілетінін хабардар етті. Жалпы, бұл бағытта Шымкент қаласы бойынша 3845 адам жұмыс істеуді. Оның ішінде IT, дизайн және сән, кино мен анимация — Шымкент бойынша креативті индустрияның ең басым бағыттарына айналмақ.