ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысы тапсырмасының жергілікті жерде орындалу барысымен танысты. Үкімет басшысы бірқатар нысанды аралап, құрылыс барысын байқап көрді.
Премьер-Министр Нұрсәт шағынауданында бой көтеріп жатқан жаңа оқушылар сарайының құрылысын бағамдады. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен бой көтеріп жатқан нысанның жалпы ауданы 2,2 гектар жерді құрайды. Ауданы 10 мың шаршы метрге жуық ғимарат 500 оқушыға арналған.
Мердігер мекеме басшыларының мәліметінше, құрылыс 2021 жылдың соңында басталған. Қазіргі таңда мұнда 180 адам жұмыс істеп жүр.
– Бұл жоба оқушыларды сабақтан тыс уақытта әртүрлі үйірмелерге қатыстыруды, баланың спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамытуды көздейді. Үш қабатты ғимарат 3 ірі блоктан тұрады. Онда оқу залдары, акт залы, 35 адамдық асхана бар. Сонымен қатар, 81 орындық көлік тұрағы да қарастырылған, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Үкімет басшысы ғимараттағы түрлі кабинеттерді аралап көрді. Шымкент тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтқан Әлихан Асханұлы алдағы уақытта қалада бұдан басқа да оқушылар сарайын ашуды тапсырды.
Қазіргі таңда мұндағы құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Жауапты мамандар жаңа нысан биылғы тамыз айында, яғни, жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға беріледі деп отыр.