ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ӘСКЕРИ МАМАНДАР ҚАЖЕТ
Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында ҰҚК Шекара қызметі мамандары қала тұрғындарына келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылдау тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуге әскерде болған және әскери кафедрада білім алған қала тұрғындары келіп әскери қызметке қабылдану шарттарымен танысып, мазалаған сұрақтарына жауап алды. Айта кетейік, әскери қызметке орналасқысы келетін азаматтар келесі талаптарға сай болуы тиіс. Олар — әскери куәліктің болуы (міндетті), 18-33 жас аралығындағы ер азаматтар. әскери қызметке жарамдылық. Өз кезегінде, әскери қызметшілерге көрсетілер көмек те аз емес. Атап айтқанда, олар салықтан босатылған ай сайынғы 180-300 000 теңге көлеміндегі жалақымен, мемлекет есебінен зейнетақымен, денсаулықты сауықтыру төлемі және жыл сайынғы демалыспен, тегін медициналық қызмет көрсетумен, тұрғын үймен немесе турғын үй төлемақысымен, киім-кешек және мүлікпен қаматамасыз етіледі.
Айта кету керек, өткен жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» және «Арнаулы мемлекеттік орган туралы» заңдарға түзетулер енгізілді. Оның ішіндегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бойынша, біріншіден, әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беру қарастырылды. Екіншіден, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру. Мәселен, әскери қызметшінің қызметтік үйді еңбек өтілі 10 жылдан асса – қалдық құны бойынша, ал мүгедек бала тәрбиелеп отырған әскери қызметші еңбек өтілі 10 жылдан көп болса тегін жекешелендіре алады. Үшіншіден, қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді болдырмау. Бір рет үй алу құқығын пайдаланған әскери қызметші басқа жерге ауысқан кезде оған қызметтік үй беру немесе үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемін беру ұсынылады. Сосын «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңға әскери қызметші қызметтен шығарылған күннен бастап оны қайтадан қызметке қабылдаған күнге дейін 3 айдан аспаса, осы уақытта еңбек қатынасы болмаса, оның әскери қызметі үздіксіз деп танылады деген толықтыру енгізілді. Бұдан бөлек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша 20 жыл әскерде қызмет еткен әскери қызметші тегін пәтер алады. Қазір әскерден көбі 20 жылдық еңбек өтілі толғаннан кейін кетеді. 2013-2018 жылдар аралығында зейнетке шыққандардың мәселелері осы заңмен шешіліп жатыр. 2018 жылы әскери қызметтен запасқа шығарылған, жекешелендіруге жатпайтын жабық әскери қалашықта тұрған 742 әскеридің осы уақыт аралығында жартысы, яғни 376-сы қызметтік үй-жайды жекешелендіруге жататын еліміздің кез келген қаласындағы тұрғын үйге ауыстырды.