ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Білім саласы айрықша дамыса, өзге салалардың тасы өрге домалайды. Өйткені сан түрлі саланың тамырына қан жүгіртетін білікті мамандардың іргетасы дәл осы білім ордаларында қаланады. Осы орайда, елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында білім саласын дамыту бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Жүйелі жұмыстардың нәтижесі бар маЮ Осы және өзге сауалдарға Шымкент қаласы ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ бас маманы Арманай Мирасқызы жауап берді. Қозғалған негізгі мәселелер жайын тарқатайық…
Кәсіпкерлерге жаңа мектеп салуда және оның жұмысын жүргізуде мемлекет тарапынан қаржылық қолдаулар көрсетілуде. Бұл ретте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ осы бағдарламаның операторы болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлері үшін мектеп санының жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Оның ішінде Шымкент қаласы мектептердегі оқушы орнының тапшылығы жағынан үшінші орында тұр. Яғни үшінші мегаполисте 27 931 оқушыға орын жетіспейді. Жалпы жаңа мектеп құрылысы үшін 1 оқушыға жылына 96 АЕК, мектепті реконструкциялау үшін 1 оқушыға жылына 47 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді. Бұл төлем түрі 8 жыл көлемінде жүргізіледі. Ал жан басына шаққандағы норматив бойынша — бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңге субсидия төленеді. Бұл төлем мектеп жұмыс істеп тұрған барлық уақытта жүргізіледі. Яғни кәсіпкер жаңа жекеменшік мектепте 8 жыл ішінде бір оқушы үшін 2 649 600 теңге және жан басына шаққандағы норматив бойынша бір оқушыға 4 720 000 теңге қаржылық көмек ала алады.
Сонымен қатар кәсіпкер ғимаратты жекеменшік мектепке реконструкциялау үшін 8 жыл ішінде бір оқушыға 1 297 200 теңге және бұған қоса бір оқушыға 4 720 000 теңге жан басына шаққандағы норматив төленеді. Мысалы, 100 орындық жекеменшік мектеп салу кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 264 млн 960 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн теңге төлейді. 100 орындық жекеменшік мектепті реконструкциялау кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 129 млн 720 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн теңге төлейді. Бұл ретте, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін объект кәсіпкердің меншігінде қалады.
Құрылыс немесе реконструкция үшін төлемдер 8 жыл ішінде ай сайын 9 ай бойы, ал жан басына шаққандағы нормативтер мектеп жұмыс істеп тұрған уақыт бойы төленеді. Мемлекеттен төленетін төлемдерден басқа, кәсіпкер оқу ақысын белгілеуге құқылы, ол оның кірісі есебінен жүзеге асырылады. Оқу ақысы қазақстандық оқыту нысаны кезінде жылына 1200 АЕК-ден, халықаралық оқыту нысаны кезінде жылына 2400 АЕК-ден аспауы қажет. Ақшалай төлемдер түріндегі мемлекеттің жоғары қажеттілігі мен қолдауын ескере отырып, кәсіпкерлерге жеке мектептер салу тиімді деген қорытынды жасауға болады. Бағдарламаның операторы «Қаржы орталығы» АҚ болып табылады және бағдарламаға қатысу үшін жерге құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарымен, заңды тұлғаның болуы туралы құжаттармен алдын-ала келісімшарт жасасуға өтінім беру жеткілікті.
Білім беру саласын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды одан әрі ілгерілету мақсатында ағымдағы жылдың 14-15 наурыз аралығында Шымкент қаласында «Road Show» форматында ақпараттық акция өтті. Акция бағдарламасы студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептердің құрылысын мемлекеттік қолдау тетігіне арналған бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын қамтыды. Сондай-ақ акция бағдарламасында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (aqyl депозиті) және білім беру кредитіне кепілдік беру бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі жоспарлануда.
«AQYL» депозитінің артықшылықтары — сыйақыдан басқа банктен жинақталған соманың 7%-на дейін мемлекеттік сыйақы есептеледі, салым мемлекеттің немесе үшінші тұлғалардың тарапынан өндіріп алудың кез келген түрінен қорғалған, сіз депозитті толтырудың мөлшері мен жүйелілігін өзіңіз анықтайсыз, жас шектеулері жоқ.