ҚАЛА ӘКІМІ МЕКТЕП ҒИМАРАТТАРЫН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА САҚАДАЙ САЙ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

83
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты. Алдымен М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді.
Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сай мұнда 250 орындық акт залы, спортзал, кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ қала әкімі жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалады. Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қамтылған. Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.
Айта кету керек, қазіргі таңда кәсіпкерлерге жаңа мектеп салуда және оның жұмысын жүргізуде мемлекет тарапынан қаржылық қолдаулар көрсетілуде.  Бұл ретте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ осы бағдарламаның операторы болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлері үшін мектеп санының жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр.  Оның  ішінде Шымкент қаласы мектептердегі  оқушы орнының тапшылығы жағынан үшінші орында тұр. Яғни үшінші мегаполисте 27 931 оқушыға орын жетіспейді. Жалпы жаңа мектеп құрылысы үшін 1 оқушыға жылына 96 АЕК, мектепті реконструкциялау үшін 1 оқушыға жылына 47 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді. Бұл төлем түрі 8 жыл көлемінде жүргізіледі. Ал жан басына шаққандағы норматив бойынша — бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңге субсидия төленеді. Бұл төлем мектеп жұмыс істеп тұрған барлық уақытта жүргізіледі. Яғни кәсіпкер жаңа жекеменшік мектепте  8 жыл ішінде бір оқушы үшін 2 649 600 теңге және жан басына шаққандағы норматив бойынша бір оқушыға 4 720 000 теңге қаржылық көмек ала алады.