ҚҰРСАЙ ЕЛДІМЕКЕНІ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

55
0
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданы тұрғындарымен кездесуде көтерілген өзекті мәселерге байланысты Құрсай елдімекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Құрылыс екі кезеңде атқарылуда. Бірінші сатыда мердігерлер шағынауданға су жеткізу үшін ұзындығы 185,5 шақырымды құрайтын құбырларды жүргізуде. Жаңа желілер арқылы 5 мыңға жуық отбасыға ауыз су жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі қараша айында аяқталады. Қазіргі таңда құрылыстың 99 пайызы орындалған. Ал екінші кезеңдегі жалпы су жүйелерінің ұзындығы — 151 шақырым. Бүгінге дейін жұмыстардың 98 пайызы аяқталған. Нәтижесінде жыл соңында 3 мыңнан астам абонент ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Айта кету керек, Қаратау ауданында жоспар бойынша 2023 жылы ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ. Көгілдір отынға келсек, биыл қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Ал жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы 39 көшеге жүргізілмек. Осылайша тұрғындардың толғақты мәселесіне айналған инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.