АГРОБИЗНЕСТЕ КЛАСТЕРЛІ ЖОБАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

66
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аграрлардың жағдайымен танысып, ауыл шаруашылығындағы кластерлі жобаларды қадағалады.
Бадам тұрғын алабының шаруалары 6,5 гектар алқапқа құлпынай өсіруде. Өнім көлемін арттыру үшін бүгінде шаруалар бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Алдағы уақытта егістікті 30 гектарға арттыруды көздеп отыр. Маусымдық жұмысқа кіріскен шаруалардың жағдайымен танысқан қала әкімі жауаптыларға тауарларды тікелей тұтынушыларға жеткізуді қамтамасыз ету үшін алқап маңындағы жол жиегінен көшпелі сауда орындарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Сайрам тұрғын алабында орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін «Дары Сайрама» ЖШС-де болды. Бүгінде кәсіпорынның 5 гектарлық алқабында жүзім өсіріледі. Қазіргі таңда мұнда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 7 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап, шырынның түр-түрін өндіреді. Қала әкімі жауаптыларға кластерлік жобаларға басымдық беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Жыл басында Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы кластерін дамыту жөніндегі жиын өтті. Онда осы салаға қатысты инвестициялық жобалар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы айтылды. Атап айтқанда, жемісті қайта өңдейтін 3, көкөністерді сақтауға арналған 6, құс шаруашылығына байланысты 1, тауарлы сүт фермасы 1, өсімдік майын өндіру цехы 1, жылыжай кешені 1, жалпы инвестициялық 13 жоба таныстырылды. Сонымен қатар «Shymkent» АҚ әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорны тарапынан 4%-бен якорлы жобаларды қаржыландыру бойынша «Іскер қала» іс-шарасының жоспары шеңберінде 1-2%-бен және 21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5% жеңілдікпен жеке қосалқы шаруашылықтарды қаржыландыру мақсатында шағын несие беру туралы баяндалды. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқарма басшысы Абунасыр Джанбатыровтың айтуынша, 3 жылдан аса жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 21-ден 29 жасқа дейінгі иелері, 21 жастан 58 жасқа дейінгі әйел кәсіпкерлік субъектілері 7,5 %-бен 10 млн. тг. дейін субсидиялау көмегіне жүгіне алады. Сонымен қоса, өнеркәсіптік парк тұрғындарының кәсіпкерлік субъектілері, АӨК-ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 8,5%-бен 50 млн. тг. дейін субсидиялау көмегін алуға мүмкіндігі бар.