ҚАЛА ӘКІМІ КОНГРЕСС-ХОЛЛ ҚҰРЫЛЫСЫН МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАУДЫ ТАПСЫРДЫ

72
0
Шымкент сити шағынауданында Конгресс-холл бой көтеріп келеді. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов нысанда атқарылып жатқан құрылыс барысын қадағалады. Қазір мұнда әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылуда.
5 блоктан тұратын 3 қабатты, ғимаратта 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Көп салалы орталық ретінде іске қосылатын ғимаратта халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламалар, өзге де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Жұмыс барысын пысықтаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ғимараттың талапқа сай жабдықталуын бақылап, құрылыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген уақытында Нұрсәт шағынауданында бой көтеріп жатқан жаңа оқушылар сарайының құрылысын бағамдаған болатын. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен бой көтеріп жатқан нысанның жалпы ауданы 2,2 гектар жерді құрайды. Ауданы 10 мың шаршы метрге жуық ғимарат 500 оқушыға арналған. Мердігер мекеме басшыларының мәліметінше, құрылыс 2021 жылдың соңында басталған. Қазіргі таңда мұнда 180 адам жұмыс істеп жүр. Үкімет басшысы ғимараттағы түрлі кабинеттерді аралап көрді. Шымкент тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтқан Әлихан Асханұлы алдағы уақытта қалада бұдан басқа да оқушылар сарайын ашуды тапсырды. Қазіргі таңда мұндағы құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Жауапты мамандар жаңа нысан биылғы тамыз айында, яғни, жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға беріледі деп отыр.