СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

80
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Солтүстік саяжай шағын ауданын табиғи газбен қамту барысын тексерді. Қазір сығымдау жұмыстары жүргізілуде.
Жуырда белгіленген орындарға абоненттік газ реттегіш шкаф пункттері орнатылады. Құрылыс толық аяқталғанда 6 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылады. Қала әкімі жауаптыларға сапаны бақылап, жұмысты жылдамдату қажеттігін ескертті. Сондай-ақ өзекті мәселелерді зерделей отырып, газдандыру жұмыстарын өндірістік кестеге сай биыл қазан айында аяқтауды тапсырды. Жалпы үшінші мегаполис аумағында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, қазір 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас елдімекенінде кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 62,6 шақырымды алып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылы толық аяқталады. Құрылыс барысын қадағалаған қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына жергілікті әкімдікпен бірлесе абоненттеу жұмыстары бастауды тапсырды. Асар-2 шағынауданында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінде 15 мыңнан астам халық тұратын елдімекенде 24 шақырымдық газ жүйелері жүргізілген. Шағынауданды табиғи газбен толық қамту сәуір айының соңына дейін аяқталады. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес елдімекен алдағы жылы сапалы электр қуатымен, кәріз жүйесімен толық қамтылады.
Бұдан бөлек, былтыр бірқатар өңірлерге көгілдір отын берілген еді.  Мәселен, өткен жылы Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданы тұрғындарының газ мәселесі шешімін тапты. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге халық қалаулылары, “ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы директоры С.Исмайлов және халық қалаулылары, “Қоғамдық кеңес” төрағасы Б.Әлтеев пен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері аталған қуаныштың куәсі болған. Мұнда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылды.