ЖҮРЕККЕ ЖАСАЛАТЫН ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТАЛАР САНЫ АРТҚАН

89
0
Шымкент қаласындағы «Жүрек» орталығында жылдан жылға жоғары технологиялық оталар саны артуда. Былтыр емдеу орталығында 555 науқастың жүрегіне ашық түрде ота жасалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 адамға артық.
Сондай-ақ былтыр тамыз айында кардиология бағыты бойынша медициналық ұйымда ахуалдық орталық ашылған. Орталық кардиология саласындағы мамандандырылған қызметтердің жұмысына жедел мониторинг жүргізіп, емдеу жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл бағытта 44 амбулатория мен 3 ауруханада кардиологиялық кабинеттер ашылды. Осыған дейін мұнда созылмалы жүрек аурына шалдыққан 8 науқасқа LVAC аппаратын орнату операциясы жасалған. Бұрын мұндай опрерациялар Астана қаласында жасалатын.

Үшінші мегаполисте медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Қалалық әкімдік тарапынан медициналық орталықтардың ғимаратын жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта шаһар аумағында бірнеше медициналық мекеме жұмысын бастамақ. Бұдан бөлек, медициналық нысандарға заманауи материалдық-техникалық база орнатылуда. Осының өзі саладағы қызмет көрсету сапасының артуына сеп болуда.  Мәселен, өткен жылы Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды. Науқас бастапқыда ауруханаға өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт — қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады. Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Науқас отадан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасқан. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта қалпына келген. 1-күн қарқынды терапия блогында бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.