ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ КӨП

101
0

Бүгінде жұмыссыздық ауқымды мәселеге айналып отыр. Жыл сайын оқу орнын бітіретін жүздеген жас екі қолға бір күрек таппай, табаннан тозады. Кәсіпорындар мен мекемелер көп жағдайда жастардан жұмыс өтілін талап етеді. Тәжірибесі жоқтығын білгеннен кейін бос жұмыс орнына алудан бас тартады. Бүгінде Шымкент қаласында аталған мәселе Жастар практикасы бағдарламасы арқылы шешімін тауып келеді. Бастама арқылы жұмысқа орналасқандар да жетерлік.

Жуырда Шымкенттегі Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарлама негізінде Жастар практикасымен жұмысқа орналасқан Марқаматова Дананың бір күндік жұмысына шолу жасалды. Бағдарламаның шарапатын көріп отырған кейіпкердің бағдарлама турасында өз айтары бар. Нақтырағы пікірін былайша білдірді «Мен медицина — саласында білім алдым. Оқу орнымды аяқтағаннан кейін, мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгіндім. Бүгінде өзім сүйген мамандық бойынша «Бақытты жанұя» орталығында мейірбике болып жұмыс істеп жатырмын». Бүгінде дәл осы бағдарлама негізінде жұмысқа орналасып, тәжірибе жинап жатқандардың қатары қалың.  Айта кетейік, Жастар практикасы уақытша жұмыс орны болып есептеледі. Бағдарламаға 35 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Сондай-ақ айлық есептік көрсеткіші 103 500 теңгені құрайды.

Аталған бағдарламаның мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бірақ жастар жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді. Практикаға қабылданып, жұмыс берушіге жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Жұмыс берушіге жауапкершілігі мен ынтасын, талабын таныта алса, жаңа қызметке ие болмақ. Жастар практикасына қабылданған жас 6 ай бойы практикада болады. Осы уақыт арасында нәтиже шығарғаны жөн. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жастар практикасына қалған азаматтардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасып қалады екен.