АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНЕ АРТЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҒАРЫ

89
0

Өткен аптада Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, ақсақалдар кеңесінің ережесі мен құрамы қалалық ассамблея төрағасының шешімімен бекітілгенін айтты.

Консультативтік-кеңесші органмен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді. Жиын барысында «Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында құрылған кеңес – мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайту,  азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, этносаралық жанжалдың алдын алу сынды міндеттерді қоғамдық негізде іске асырады» деп атап өтті басқарма басшысы.

Мемлекет және қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтың жетекшілігімен өткен отырыста мекемелерде, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқығының сақталуы және «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың Әл-Фараби ауданында орындалуы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Әл-Фараби ауданы әкімнің орынбасары Балтабай Смайлов баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық және тұрмыстық қатынастарды зерделеу, халықтың проблемалық және өзекті мәселелері бойынша тыңдау өткізу, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сала мамандарымен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, тиісті органдармен бірге этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешуге атсалысу, халық арасында бірлікті нығайту мәселелері бойынша кездесулер өткізу, мемлекеттік органдарға ұсынымдар енгізу сынды бірқатар өкілеттіктерге ие. Айта кетейік, кеңеске жасы 60-тан асқан абыройлы ақсақалдар мен белсенді этнос өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары енген.