АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ

52
0

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі бағаланып, түйткілді тұстарының анықталғанын, сонымен қатар дәл осы экономикалық аймақтарды дамыту үшін жаңа саясатқа көшу керегін айтқан еді.

Нақтырағы, өз сөзінде «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек.  Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты  қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет» деп атап өтті мемлекет басшысы. Аталған тапсырма аясында, осы салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына инвестициялық жеңілдіктерді сараланған түрде беру мәселесін пысықтап жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында осы саладағы заңнамаға «бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар» деген ұғым енгізілді. Яғни, жаңа нормаға сәйкес мұндай тұлғаларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімі берілуі мүмкін, алайда, ондай кәсіпорындар салықтық және өзге де жеңілдіктерге ие бола алмайды.

Өңірімізге ойыссақ, қазіргі таңда Шымкентте жобасы дайын инвесторлар үшін жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағынан жер учаскесі беріледі. Мұндағы мақсат — қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту. Осыған орай әкімдік тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы жалпы ауданы 306 га жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылса, 132 га аумақта тамақ өнеркәсібі үшін «Бозарық» индустриялы аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы жалғасуда. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағы 175 га, сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 га кеңейтілуде.

«Оңтүстік» АЭА қызметінің басым түрлеріне (жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау) сәйкес келетін жобаны іске асыру үшін инвесторға мемлекет тарапынан келесідей қолдау шаралары ұсынылады. Олар — тегін жер телімі, дайын инфрақұрылым, корпоративтік табыс салығын, жер салығын және мүлік салығын төлеуден босату, АЭА аумағында өндірілетін тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босату, шикізат және материалдар импортына қосылған құн салығын төлеуден босату, инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтарды, жинақтауыштарды, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алып келу кезінде кедендік баждарды төлеуден босату, коммуналдық қызметтердің төмен құны.

Бұл тұрғыда 2020 жылдан бері  «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істеп тұр. Мұнда «бір терезе» қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі. Осы арқылы бұл салада әкімшілік кедергілер азайып, кәсіпкерлерді сүйемелдеу мен кеңес беру артып отыр.  Жалпы фронт-офис 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді — кеңес береді, жобаларды сүйемелдейді, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді.

Айта кету керек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130,4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылған және онда 2 309 адам жұмыспен қамтылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады. Жоспарға сай, Шымкентте 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары барын айта кеткеніміз жөн.