ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ЕМДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА БОЛДЫ

79
0
Шымкентке жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Алдымен қалалық онкологиялық орталығында ашылған яндролық медицина орталығында болды. Онда заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Соңғы 4 жылда онкологиялық орталықта 2 мыңға жуық науқасқа түрлі деңгейдегі эндоваскулярлы оталар жасалынды. Кіші инвазивті операциялардың науқас өмірін сақтауда маңызы зор. Күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған N2 қалалық ауруханасында болған Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмыстарын тексерді. Ауруханадағы КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімдері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ вице-министр бастаған делегация бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын N1 қалалық емханасындағы тіркеу орнын мен егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, жергілікті дәрігерлермен пікір алмасты.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 13 мемлекеттік емхана және 32 жеке меншік медициналық орталық жұмыс істейді. Халықтың 52,8% немесе 615 мың азамат мемлекеттік, қалған 47,2% немесе 549 мың адам жекеменшік емханаға тіркелген. Былтыр 5 медициналық ұйым ашылды. Сонымен қатар МЖӘ жобасы аясында Шымкент қаласында бір ауысымда 700 келушіге арналған 800 төсектік университеттік көпбейінді аурухана және клиникалық-диагностикалық орталық (емхана) құрылысы жеке инвестор есебінен басталды. Бұдан бөлек, онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды, 2 ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесі, №2 оңалту орталығының негізгі ғимараты жөнделді, 17 медициналық құрал сатып алынды, азаматтарды медициналық күәландырудан өткізуге медициналық комиссияларды бөлу үшін жергілікті мәслихат арқылы қаражат бөлу мәселесі шешілді, №3 қалалық емхана аккредитациядан өтті, ұрықты қорғау орталығы ашылды. Өткен жылы 16 бүйрек, 6 бауыр трансплантациясы мен 369 жүрекке ота жасалды.