КІТАПХАНА – АҚЫЛ МЕН БІЛІМ ОРДАСЫ
Әл-Фараби ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен М.Тынышпаев атындағы QazATK колледжінің жастарына А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында экскурсия ұйымдастырылды.
Мақсаты – болашақ жасөспірімдерге қаламыздағы белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен насихаттау, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту, ұлттық руханиятымызды кеңінен дәріптеу. Кітапхана ғимаратын аралаған жастар кітапхана тарихымен, онда қандай кітаптар мен мерзімді басылымдардың сақталатындығы туралы және кітапхананы пайдалану ережелерімен танысты.
-А.С.Пушкин атындағы кітапхана 1899 жылы орыс халқының ұлы ақынының 100 жылдық мерейтойына орай ашылған. Қала тұрғындарының өздері қаржы жинап, қоғамдық кеңес үйінің ғимаратын салды. Ол жерде басында би кештері, әуесқой театр әртістерінің қойылымдары көрсетіліпті. Осы ғимарат ішінен 1899 жылы, А.С.Пушкиннің 100 жылдығы қарсаңында, ақын атындағы ең алғашқы кітапхана ретінде ашылған, — деді кітапхана меңгерушісі.
Айта кету керек, бүгінде қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі игі бастамалар көтерілуде. Мәселен, жуырда жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Қазына» сауда орталығында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру. Түсіндірме жұмыстары барысында базар жастарына мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жөнінде ақпараттар берілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды.