ҚАЛАДА 6 ЕМХАНА, 200 ОРЫНДЫҚ ПЕРЗЕНТХАНА САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

83
0
Шымкент қаласында медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай әр емханаға 30 мың тұрғыннан бөлінуі тиіс.
Ал қаладағы 45 емхананың әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделген. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады. Жалпы елімізде сегіз өңірде перенеталдық орталық салу көзделіп отыр. Соның бірі қаламыздағы Ақжайын шағынауданынан бой көтереді. Бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені қала халқының 40 пайызынан астамы – ұл балалар. Одан бөлек балалардың туу көрсеткіші жоғары. 2021 жылы 34 000-нан аса бала туылған. Былтырғы жылдың алғашқы алты айының ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда бір перенеталдық орталық, үш перзентқана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек 315 төсектік балалар ауруханасы бар. Қала тұрғындарына бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші – мемлекеттік, ал отыз бірі – жекеменшік. Жергілікті бюджет арқылы екі мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар медицина саласының сапасын көтеру үшін маман білікті болуы қажет. Осы орайда, өткен жылы 2 932 маман біліктілігін арттырды. Айта кету керек, мемлекет басшысы биылғы Жолдауда денсаулық сақтау саласын реформалау бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын маңызды құжатта.