«QAMQOR» БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫНДА 35 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЖАСТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
«Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Бұл туралы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебекова ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз жиынында айтты.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеуден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді.
Сондай ақ «Qamqor» бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкент қаласында тұрақты тіркеудің болуы тиіс.
Айта кету керек, «Qamqor» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдық берілетін болады. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып, сатып алады.
Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна- 10%, жылдық мөлшерлеме-5%, одан әрі жылдық 3,8% -ға дейін төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады. Қарыз бойынша төлемді азайту мүмкіндігі азаматтар үшін қолжетімді болмақ.
Бұдан бөлек, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 пәтер- арендалық, оның ішінде кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Сонымен қатар, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға беру жоспарланған. Ал, 1919 пәтер жыл басында несиелік негізде жоспарланған. Бұл көрсеткіш қосымша тағы 118 пәтерге артып отыр. 2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда 141 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді.