700 КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев жыл басынан бері білім және жер қатынастары саласында талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында айтты.
Жандос Жұмабаев тың айтуынша, үшінші мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда 218 іс-шара ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, 11 саланы қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы әзірленген. Ал «Бизнеске жол» жобасы бойынша жыл басынан бері 700 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Аталған жиында қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпкерлік мақсаттағы сауда нүктелерін беру мәселесіне зерделеу жұмыстарын жүргізу, тағы басқа мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ кезекті отырыста Шымкент қаласының білім саласында cапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева өткен жылғы жұмыстарды баяндады. Қоғамдық кеңес мүшелері жекеменшік мектептерде білім сапасын бақылау, департаменттің ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. Айта кету керек, өткен аптада Шымкентте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында екі мәселе қаралды. Нақтырағы, Бауыржан Әлтеев жетекшілік еткен отырыста қаладағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жөніндегі іс-шаралар, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есебі, оқу мекемелерінің білім сапасы мәселесі талқыға түсті. Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамды елең еткізген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар өзекті түйткілдер турасындағы сауалдарын да жолдап, жауаптарын алды.