БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

67
0

Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының  Абай ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімшесінде пробация қызметі есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Аталған шараға «Qut-Bereke» ЖШС, «VIBE RECORDS» ЖШС, «Фронт лайн» ЖШС, «AZALA COTTON» ЖШС, «BALANS Outsourcing KZ» ЖШС, «Karlskrona LC AB» ЖШС сияқты 15 жұмыс беруші мекеме қатысты. Жәрмеңкеге келушілерге Шымкент қаласы бойынша ашық 200-ге тарта жұмыс орындары ұсынылды. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары тарапынан келушілерге жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, тегін қысқа мерзімді оқыту, өз кәсібін ашу мақсатында қайтарымсыз грант алу бағыттары бойынша кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Жәрмеңкеге қатысушы жұмыссыз азаматтар саны 35-ке жуық болса, олардың 12-і жәрмеңке нәтижесінде тұрақты жұмыс орнынына жолдама алып,  кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша 6 азамат оқуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды.

Айта кету керек, пробация қызметі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғанға, шартты түрде сотталғанға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және кәмелетке толмағандарға қатысты бақылауды жүзеге асырады. Пробациялық қадағалау соттың заңды күшіне енген үкімінің, қаулысының негізінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғанның тұрғылықты мекен-жайы бойынша сотпен жүктелген міндеттердің атқарылуын қадағалайды және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Ал пробация қызметінің негізгі бағыты — сотталғандарға білім алуда, мамандық игеруде, еңбекпен қамтуда, ем алуда сонымен қатар құқықтық көмекпен қамтамасыз етуде қолдау көрсету. Бұл бастама пробация есебінде тұрған азаматтарға жаңа жұмыс орындарына тұру барысында сотталмағандығы жайында құжат сұрау мәселесін шешуге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта бекітілген мекемелерге ұсынылған мамандықтарына сай азаматтарды жолдау жұмыстары ұйымдастырылады. Азаматтарды жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тартқан мекеме басшысына қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сай әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін аудандық прокуратура органына хат жолданатын болады.