ЖАҢА ОРТАЛЫҚТАР БАЛАЛАРДЫҢ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУҒА СЕП БОЛМАҚ

49
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Мәселен, ел Президенті өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап өткен болатын.

Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген. Нақтырағы, онда мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берді.  Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер станциясы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген.

Президент тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі 2023 жылы оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтың, ал 2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Шымкентте 2 оқушылар сарайының құрылысы қарқын алған. Нұрсат шағын ауданындағы жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын оқушылар сарайының құрылысы биылғы жылдың бірінші жартысына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал Тұран шағынауданындағы оқушылар сарайының жалпы құны 9,4 млрд теңгені құрайды. Нысанның құрылысына 2023 жылы жергілікті бюджеттен 936,6 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмысы 2024 жылға өтпелі.

Бұдан бөлек, Шымкентте 2021 жылы жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы басталған еді. Бұл нысанның да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ бүгінгі таңда Шымкентте 2 лагерь құрылысына бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Бүгінде құрылыс жүргізу бойынша құжаттары дайындалып отыр.