САУДА ОРЫНДАРЫ АУМАҚТАРЫНДА МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

61
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қаламыздағы сауда орындарының аумағындағы автотұрақтарды ретке келтіру бойынша жаппай мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Шараның мақсаты — көлік кептелісін азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, сауда орындарының алдына автомобильдер тұрақтау үшін автотұрақ ұйымдастыру және тиісті жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын үйлестіру.
Қазір халық көп шоғырланатын Айна, Акбар, Акбар, Алаш, Авто Нұр, Қырғы базарларының аумағына аяқжолдар салынуда. Бұл шаралар мұндағы ретсіздіктерді қалпына келтіріп, тұрғындардың жүріп-тұруын оңтайландырады.
Айта кету керек, Шымкентте реконструкциялау және құрылыс нормаларына сай ету мақсатында тағы 7 базарда реконструкциялау жұмыстары өз жалғасын табуда. Мамандардың айтуы бойынша, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы қала базарларын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, базарларды жаңғыртуды талап етеді. Заң талаптарына сәйкес, Шымкенттегі 19 базар модернизациядан өтуге жатады. Оның ішінде 12 базарда, жоғарыда айтқанымыздай, реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай (Алатау)», «Акбар», «Иманалиев» мал базары», «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек жолы», «Жаңа шахар», «Назым апа» және «Көмеш бұлақ» базарлары талапқа сәкестендірілген. Ал, «Авто Нұр», «Орталық қырғы базар», «Алаш», «Айна», «Дархан», «Самал», «Нұр Сайрам» базарларында модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бұл базарлар сауда қызметін ұйымдастыру қағидаларына, оның аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарға сәйкестендірілуде. Шымкент қаласының қонақтары мен тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында базарларда ақпараттық стендтер орнатылған. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиологиялық, ветириналық талаптарға сәйкес келтіру бойынша да жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.