ҚАЛА ӘКІМІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

79
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Жұлдыз» арнайы индустриалдық аймағында болып, нысанның инфрақұрылымдық жұмыстарымен танысты.
Жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа аймақ 2021 жылы ашылып, қазір экономикалық алаңның 121 гектарына жоспарға сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы Мұрат Әйтенов биылғы жылдың 6 шілдесіне дейін инвесторлар үшін жоспарға сай электр желісі, су, табиғи газ, кәріз жүйесі тартылып үлгеруі қажет екенін айтып өтті.
Инвесторлар бізге сеніп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіспіз, — деген қала басшысы инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігер мекемелермен ғана емес, инвесторларды да сөзге тартып, олардың тың жобаларын тыңдады. Сонымен бірге қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына инвестициялық жобаларға қатысты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе құрылысын бастаймын деген жобаларды сүйемелдеп, қажетті рұқсатнама құжаттарын алуға жәрдемдесу, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуына көмектесу, жосықсыз жобаларды арнайы экономикалық аймағынан шығарып, орнына приоритетті жобаларды кіргізу керектігін айтты. Айта кетейік, екі жыл көлемінде «Жұлдыз» индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша 147,2 млрд. теңгені құрайтын 42 жоба әзірленді. 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асатын осы жобалардың аясында 4 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд. теңге құрайтын, 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу жоспарлануда. Айта кету керек, индустриалды аймақтар турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын. Нақтырағы, өз сөзінде «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек.  Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты  қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» деген болатын ел Президенті.