КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТЕМ ДЕГЕНДЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

44
0

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бірнеше басым бағытты қамтиды. Оның қатарында өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру мен халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру сынды маңызды бастамалар бар. Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов атап айтқан болатын. Өз кезегінде, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері қарастырылуда.

Жалпы аталған бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Өз кезегінде, Шымкентте аталған жобаны жүзеге асыруда индустриалды аймақтардың берер мүмкіндігі мол. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралады. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлік-коммуналдық жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір. Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Шабитекс» ЖШС әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады. Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті.  Жалпы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған. Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде қалада екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін жүздеген жұмыс орындары құрылмақ.