ШЫМКЕНТ: ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 25 КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы аумағында 2023 жылы жалпы ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 28 көшені асфальттап, 4,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жоспарланған болатын.
Қазіргі кезге дейін 25 көше орташа жөндеуден (асфальтталды) өтті. Қалған 3 көшеге асфальт төсеу үшін дайындық жүріп жатыр. Ал 12 көшеге шағал тас төселіп бітті. Айта кету керек, биыл Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталықтан шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жөндеуге басымдық берілуде. Қазір шалғай елді мекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды. Атап айтқанда, Бадам-1 тұрғын алабында 20,7 шақырым асфальт жол бар. Қазір Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,7 шақырым асфальт төселеді. Жуырда 0,6 шақырымды құрайтын Ирисбеков көшесінің құрлысы аяқталды. «Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз» — деді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары. Жалпы, жыл соңына дейін елді мекендегі 4,6 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарланып отыр. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.