«Сыр-медиа» сыр берді

542
3

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті 80 жылдан астам тарихы, облыс қана емес республиканың ақпарат айдынында лайықты орны бар, өзіндік дәстүрі қалыптасқан саяси-қоғамдық басылым. Газет Елбасының саясатын халыққа насихаттауда өзінің байсалды, салмақты, дәйекті ұстанымымен жақсы таныс. Соңғы жылдары осы шығармашылық ұжымда өте күрделі моральдық-психологиялық ахуал қалыптасты. Атап айтқанда, 2010 жылы басшылық тарапынан жіберілген өрескел кемшіліктер салдарынан көптеген қаржылық заңсыздықтарға жол берілді. Осының салдарынан облыс әкімінің шешімімен «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері бір шаңырақ астына біріктіріліп, «Сыр медиа» МКК құрылды.

Газеттің негізгі табыс көзі жазылым, жарнама қызметі және мемлекеттік тапсырыстан тұрады. МКК қаржылық жағдайға қатысты оң өзгеріс жасауға тиісті еді. Бірақ ол өз жұмысын қос газеттің қаржысына ортақтасудан бастады. Бар болғаны 6 мың данамен шығатын «Кызылординские вести» газеті «Сыр бойының» 23 мың данамен шығатын табысымен бөлісті. МКК аппаратының қызметіне кеткен өзге шығындарын есептемегенде, жылға шаққандағы тек жалақыға жұмсалған қаржы 15 млн. теңгеге жуықтады.
Мұнан басқа кәсіпорын қаражат көзін тиімді жұмсау орнына төмендегідей заңсыздықтарға жол берді. Атап айтқанда, 2010 жылдың шілде-желтоқсан айларында жарнама және ақылы материалдардан түскен қаражаттың есебінен А.Алшынбекова — 477620 теңге, К.Жанабилова — 430534 теңге, Е.Жалғасбаев — 21000 теңге, Ж.Жакипбекова — 79921 теңге сыйақы алды. Бұл ынталандыру сыйлықтары жарнама бөлімі қызметкерлерінің тікелей қызметі үшін кесімді жалақы алып отырғанына қарамастан төленді. Бұл қаржының қай мақсатта беріліп, кімдердің қалталарына түскендігін құзырлы органдар анықтайды деп есептейміз.
МКК басшысы бекіткен жарнамалық тариф бойынша газет бетіне жарнама беруші әр шаршы см. үшін 250-300 теңге төлеуі тиіс. Алайда МКК «Райм» ЖШС-мен жарнаманың әр см. үшін 43 теңгеден есеп айырысады. Осы уақытқа дейін «Райм» ЖШС-ге қарасты «Қыз Жібек» мейрамханасы жалпы 7800 шаршы см. көлемде газетте жарнама жариялады. Тапсырыс беруші тарапынан нақты төленген сома — 336 мың теңгені ғана құрайды. Ал, осынша шаршы см.-ді тарифте бекітілген 250 теңгемен есептегенде 1 952 250 теңге болуы керек. Осылайша 1 616 250 теңге шығын қолдан жасалды. Неліктен мұндай жеңілдік тек қана «Қыз жібек» мейрамханасына көрсетілгендігін анықтауды тағы да құзырлы органдардың еркіне қалдырамыз. Сонымен бірге мемлекеттік нөмірі N038 AV «Тойото-камри» маркалы автокөлігіне 4-5 айдан бері мекеме балансында жоқтығына қарамастан жүргізуші ұстап, жалақы төленіп отыр.
Бұған қоса медиа әкімшілігі қызметкерлерінің саны көбейе түсіп, осының есебінен газет қызметкерлері қысқарды. Декреттік демалыстағы Н.Дәрiбаева жұмысқа қайта косыла алмай отыр. Оған “сен келгенмен қысқартуға кетесің” деген үрейлі сөз айтылған. Газет қызметкерлерінің айлығы басқа сала жалақысының еселеп өсіп отырғанына қарамастан 2 жылдан бері өзгеріссіз келіп, осы жылдың ақпан айында аурудың аузына су тамызғандай күйде ғана көтерілді.
МКК директорлығына тағайындалған А.Оңғарбаев жеке шағын газеттердің тізгінін ұстағаны болмаса, саяси-қоғамдық үлкен басылымдарды басқаруға бiлiктiлiгi жетпейтінiн бiрден-ақ байқатты. Ол тағайындалған күннен бастап бар күш-жігерін қосымша табыс тауып, екі ұжым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттау орнына өз аппаратының жалақысын барынша көтеріп, редакция қызметкерлерінің іштей наразылығын өршітті. Бұл жағдайға директордың «Игілік» қоры тарапынан бөлінген қомақты қаржыны ғимараттың медиа әкімшілігіне қатысты бөліктеріне ғана жұмсап, бөлмелерін қалы кілеммен көмкеріп, қымбат жићаздарға толтырған әрекеті де әсер етті. Ал, тарихы мен тағылымы бай ата газет қызметкерлері басынан аяғына дейін үлде мен бүлдеге оранған «Сыр медиаға» қызыға қарап, редакцияға келушілердің алдында қорынумен күй кешуде. Кәсіпорын директоры қоғамдық-саяси мәселелердің айнасын жершілдіктің алаңына айналдырып, «Сыр бойы» газетінің бетіне өзінің туған аймағы — солтүстік аудандардан шыққан белгілі, белгісіз тамыр-таныстарын насихаттауға басымдық берді. Осылайша МКК құрылымында негізгі тауар — газет шығарумен тікелей айналысып отырған «Сыр бойы» газетінің бас редакторын қолында билігі жоқ, қызметкерлерге тікелей ықпалы жүрмейтін қуыршақ басшыға айналдырды.
Осы келеңсіздіктер туралы кезінде облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы бастығы Р.Рүстемовке, оның орынбасары А.Қайруллаевқа бас редактор тарапынан бірнеше мәрте ауызша принципті көзқарас білдірілген болатын. Жалпы жағдайдан басқарманың қазіргі басшысы Н.Жәлиев те толыққанды хабардар болғанымен ол қалыптасқан күрделі жағдайды зерттеп, сараптан өткізіп, тиісті шешім қабылдауға келгенде қауқарсыз, жалтақ болып шыққаны былай тұрсын, редакция ұжымының «шырқын бұзатын» бас редактордың соңынан шам алып түсуді үрдіске айналдырып алды. Шын мәнінде бас редактор Ж.Ақсақалов ұжымды күрделі кезеңде қиындықтан алып шыққан, ұжымдағы ахуалды сақтауға жеке басының үлгісімен, біліктілігімен үлес қосқан басшы болатын. Ол — бас редактор ретінде редакцияның қат-қабат, қарбалас жұмысы арасында жүріп Елбасының саясатына, оның өңірлік бағдарламаларының жүзеге асырылуына қатысты ондаған мақалалар жариялап, олар оқырмандар тарапынан тиісті бағасын алды. Осының барлығы жергілікті билік тарапынан ескерілмегені былай тұрсын, жоспарлы түрде тырнақ астынан кір іздеп, жүйке тоздыруға дейін ұласып, ақыры бас редактор өз еркімен қызметінен кетуге мәжбүр болды.
«Талай жамауды көріп ем, тақия жамағанды мұнда көрдім» демекші, жақында редакция қызметкерлерін ғана емес, аймақтың зиялы қауымын аң-таң қалдырған тағы бір оқиға болды. Өзінің өткен тарихында З.Жарқынбаев, Бағаев, Қ.Әбенов, Н.Уәлиев, Ж.Рахматулла, Ә.Рахымбекұлы секілді Сыр өңірінің әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген майталман қаламгерлер басқарған «Сыр бойының» бас редакторлығы қызметіне есімі елге белгісіз, республикалық газеттің бөлім меңгерушілігінен әрі аспаған, баспасөз баспалдағынан өтіп, жеткілікті тәжірибе жинап үлгермеген 25 жасар жігіт келіп отырды. Мұндай таңдауды жасау қандай қажеттіліктен туындады, мүмкін оның себебін жас редактор мен бас директордың жерлес екендігінен іздеген дұрыс па?! Осындай сұрақ қойған қауымға медиа басшысы «Бұл облыс әкімінің шешімі» деп жауап берген. Негізінде аймақ басшысы бас редактор таңдау еркін кәсіпорынның мемлекеттік басқару органы болып саналатын облыстық ішкі саясат басқармасына жүктейді. Егер бұл медиа директорының жеке ұсынысы болса, басқару органы бұл әрекеттің орынсыздығына неге көз жұма қараған деген орынды сауал туады. Бас редактор тағайындалған күннен бастап, оқырмандар мен зиялы қауым тарапынан осы жәйға қатысты алаңдаушылық толастар емес.
Қорыта келе айтарымыз, «ортақ қазанның» шөмішін өз қолына ұстап, сабына қарауыл қойған «Сыр медиа» қос газеттің қаржылық мәселесін шешуге қауқары жетпейтінін, тек қана шығынға жол беріп отырғандығын көрсетті. Екі басылымның басын қосып, ортақ мекеме құрудың нәтиже бермейтіндігі айқындалды.

Осы мән-жайларды баяндай келе, медиа құрылымындағы орын алған келеңсіздіктер құзырлы орындар арқылы тексеріліп, оң шешімін табады деп ойлаймыз.

Сонымен бірге біз, “Сыр бойы” газетінің “Сыр медиа” МКК-нан ажырап, бұрынғы 80 жылдық дәстүрі бойынша дербес құрылым болып қалуын талап етеміз.

«Сыр бойы» ұжымы.