ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІ ЕЛ ҚОШЕМЕТІНЕ БӨЛЕНІП ЖҮР

51
0
Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының жанынан құралған Қазақ халық аспаптар оркестрі бүгінде қанатын кеңінен жайып, ел қошеметіне бөленіп жүр.
Құрылғанына не бәрі 2 жыл болса да оркестр өз репертуарын қазақтың ән-күйлерін және де шетел шығармаларымен байытып, көпке танымал болып үлгерді. Тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейдегі мерекелік жиындарда өнер көрсетіп жүр.
Атап айтсақ, Италия, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінде қазақ күйлерін орындап, қазақ елінің абыройын асқақтатты.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор танымал тұлға Жалғасбек Бегендіков. Ал халықаралық байқаулардың жүлдегері, Өнертану ғылымдарының магистрі, күйші, дирижер Жамбыл Мейірбеков оркестірдің бас дирижері қызметін атқарып келеді. 30-ға жуық өнерпаздан құралған оркестр өнерпаздары жоғары деңгейдегі өз ісінің нағыз шеберлері яғни, өнер ошағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері.
Құрылғалы сүйікті тыңдармандарын жинап үлгерген қазақ халық аспаптар оркестірі өнер сүйер көпшілікке 2 рет жеке концертін ұсынып, ел қошеметіне бөленді. Айта кетейік, Шымкентте мәдени нысандардың қатары қарыңдап келеді. Қазір халықаралық деңгейдегі Конгрес-холлдың құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.  Бүгінде ғимарат құрылысы 70%-ға дейін дайын болды. Аяқталу мерзімі 2023 жылдың үшінші тоқсаны деп күтілуде. Айта кетейік, үшінші мегаполистің Шымсити шағын ауданынында бой көтерген Конгресс-холл жаңаша, көп функциялы мәдени және ойын-сауық нысаны ретінде биыл пайдалануға беріледі. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол. Конгресс-холл екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелерді де осы бірінші блоктан көруге болады. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығын көре аласыз. Екінші блоктың бірінші қабатында қолөнер шеберлерінің шеберханалары, оның ішінде тоқу шеберханасы, керамикалық бұйымдар, ағаш, тері, киіз, зергерлік бұйымдар шеберханасын кездестіресіз.