КӨГІЛДІР ОТЫН ИГІЛІГІН КӨРІП ОТЫРҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢДАП КЕЛЕДІ

88
0

Газ құбыры тартылған өңірлер көгілдір отынның қадірін әсте жақсы біледі. Қысы қатты Қазақстан үшін отынның бұл түрі өте қажет екені де әркімнің қаперінде. Үшінші мегаполисте табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл өткен сайын жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мәселен, былтыр 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Атап айтқанда, Бадам-195 орам, Достық, Азат, Асар-2 елді мекендері мен Тассай шағынауданының тұрғындары бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Бұдан бөлек, өткен жылы 3 магистралды газ құбырының құрылысы жүргізілді. Аталған жұмыстарға мемлекеттік бюджет есебінен 6 миллиард 100 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде жыл соңында Шымкент тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Қуаттылығы – 250 мың текше метр. Маңызды нысан қаладағы газ тапшылығы мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік беріп отыр. Үшінші мегаполисте билы тағы 2 магистралды газ құбыры тартылады. 10 елді мекенге ішкі желілер жүргізу жоспарланған. Жоспар жүзеге асса, 20 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Қамту көрсеткіші де 94,7 пайыздан аспақ. Айта кету керек, қазіргі уақытта өткен жылы ішкі жүйелердің құрылысы аяқталған елді мекендерде тұрғындармен техникалық шарт жасау және оларды газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы Шымкент қаласын толық табиғи газбен қамтум мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі. Айта кету керек, бүгінгі таңда Еңбекші ауданында табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік жүйеде 86,4% жекеменшік жүйедегі 4,3%-ды құрайды. Қамтылмаған 9,3%-ды мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта 5 елді мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке, яғни Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе, Оңтүстік елді мекендерінің жобалау-сметалық құжаттарын «Бірлестік» мердігер мекемесі  әзірлеуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен жаңақұрылыс аймақтарындағы 6149 абонентті табиғи газбен қамтып, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған. Жалпы соңғы уақытта Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым саласында қыруар іс атқарылып жатыр. Қолға алынған жемісті жұмыстардың арқасында бірқатар өңірлердегі өзекті мәселелер де шешімін тапты.