ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫТАЙМЕН АГРОИНДУСТРИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТУДЕ

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін халықаралық деңгейге шығаруға бағыт алған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Сапар аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар жетекші агроөнеркәсіп және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізілді.
Мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай шетелдік тікелей инвестиция тарту, агросекторда бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейту. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» компаниясының өндірістік алаңында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз сынды көкөніс өнімдерін өңдеуге маманданған. Жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Сонымен қатар KFC, Nestlé сияқты әлемдік брендтерге жеткізуші. АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде өнім экспорттайды. Компания халықаралық нарықтағы сенімді серіктес ретінде танылған. Осы тәжірибе Түркістан облысына агроөнімдерді терең өңдеу, логистика және экспорттық жүйелерді жетілдіру бойынша пайдалы болмақ.
Облыс басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының басшыларымен де кездесіп, бірқатар бірлескен жобаларды талқылады. Аталған компания жылына 50 млн келі дәнді дақыл өндіреді. «Компания + фермер» және «Фьючерстер + тапсырыстар» моделі бойынша жұмыс істейді. Фермерлердің табысын арттырып, тәуекелді азайтуға бағытталған жүйені іске асырады. Экологиялық таза өнім өндіруге басымдық береді. Бұл үлгі – Түркістан фермерлері үшін үлкен мүмкіндік. Осындай әріптестік ауылдағы тұрақты табыстың негізін қалыптастырып, ауыл шаруашылығын ұзақмерзімді және технологиялық дамуға бағыттайды.
Делегация өкілдері сапар барысында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының өндірісімен де танысты. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім шығарады. 2024 жылы «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Инновациялық ШОБ» мәртебесін иеленген. Әлемдік нарыққа бағытталған өнім шығарады. Мұндай кәсіпорынмен әріптестік Түркістанда жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру, экспорттық нарықтарға шығу, жергілікті өнімнің құнын арттыру тұрғысынан тиімді. Сапар аясында Түркістан облысы делегациясы «Wanlin» тобына қарасты денсаулық сақтау орталығына да барды. Бұл нысан медициналық қызмет көрсету, оңалту және күтімді қамтитын көпфункционалды кешен, 2000 төсек-орынмен жабдықталған. 5 жұлдызды стандартқа сай салынған. Қытайлық тарап Түркістан өңірінде осындай кешен салуға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда қонақүй және медициналық кешен құрылысына қатысты нақты ұсыныстар зерделенуде. Осы орайда “Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Қытай еліне жұмыс сапарымыз – сол тапсырманы іске асыру жолындағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, біз оны Түркістан облысының нақты жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына серпін беретін ынтымақтастық құра аламыз”, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, мына бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға әзір екенін білдірді — ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экологиялық таза өндірістер ашу, логистикалық инфрақұрылым құру, қонақүй, медицина, туризм салаларында жобалар жүзеге асыру. Бастысы — алдын ала келісімдерге қол жеткізіліп, нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастайды. Түркістан облысы аграрлық, өнеркәсіптік және әлеуметтік салалар бойынша Қытаймен стратегиялық серіктестікке бет бұрды. Делегация сапары нәтижесінде тікелей инвестиция тарту, фермерлермен ұзақ мерзімді әріптестік орнату, азық-түлікті қайта өңдеу және экспортты дамыту, денсаулық сақтау мен туристік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты қадамдар жасалды. Бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жалғасады және Түркістан облысы технология, экспорт және инвестиция үштағанында дамитын өңірге айналмақ.