ШЫМКЕНТТЕ ЖҮРЕК ЖЕТІСПЕУШІЛІГІНЕ ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАРҒА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛДЫ

82
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы жүзеге асырылады.

Халыққа сапалы қызмет көрсету көбінесе біліктілікке және қажетті мамандардың болуына байланысты. Білікті дәрігер ғана ұлт денсаулығының ілгерілеуіне, кәсібилігінің арқасында ұлт саулығын жолға қоюға септігін тигізбек. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында білікті кардиохрургтар екі науқасқа жүрек ырғағын қалпына келтіретін құрылғы орнатыпты. Шымкент қаласындағы №2 ауруханада алғаш рет жоғары технологиялық кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар кардиостимуляторды орнату отасы жасалды. Күрделі операцияны тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған арнайы шеберлік сағатында ҚР Президенті Әкімшілігінің Медициналық орталығы ауруханасының мамандары мен Шымкент жүрек орталығы дәрігерлері бірлесе жасаған. Білікті кардиохрургтар екі науқасқа жүрек ырғағын қалпына келтіретін құрылғы орнатып берді. Тәжірибелі мамандар екі отаны да сәтті жасап шығыпты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір науқастардың жағдайы жақсы. Мамандар заманауи технологияға негізделген мұндай операциялардың жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын мүгедектік, өлім-жітім жағдайларын азайтуда септігі мол екенін алға тартып отыр. Жалпы, Шымкент қаласында жоғары технологиялық оталар онкологиялық орталықта да жасалады. Аталған орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артуда. Өткен 2022 жылдың өзінде орталықта осыған ұқсас 115 күрделі операция жасалыныпты. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық екенін де айта кеткен жөн. Ал, 2021 жылдан бастап өңештің қатерлі ісіктеріне жасалынатын тораколапароскопиялық операциялар күнделікті тәжірибеге енгізілген. Осы уақытқа дейін мұндай күрделі операциялар республиканың жетекші ғылыми зерттеу институттарында ғана жасалынып келген болатын. 2022 жылы онкологиялық орталықта заманауи бипланды Phillips AZURION-7 ангиографының орнатылуымен науқастрға жасалынатын эндоваскулярлы операциялар саны артуда. Қазіргі таңда бұл құрылғының көмегімен бауыр, бас мойын, жамбас қуысы ісіктеріне шалдыққан науқастарға түрлі деңгейдегі күрделі эндоваскулярлы оталар жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 356 науқасқа эндоваскулярлы операциялар жасалынды. Соңғы 4 жылда мұндай күрделі операциялар онкологиялық дертке шалдыққан 1800 науқасқа жасалыпты.