ҮШ АУЫСЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

90
0
Бүгін Қала күніне орай Бозарық шағынауданында №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Қала әкімі М.Әйтенов бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беретін заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратты аралап көрді.
Спортты серік еткен елдімекен жастары енді қала орталығына қатынамай, жақын аумақтағы жаңа үлгіде бой көтерген нысанда спортпен шұғылданады. Спорт мектебі 3 ауысымда жумыс істейді. Әр ауысымда 10-23 жас аралығындағы 100 спортшы жаттыға алады. Сәулетті нысанның төменгі қабатында қажетті платформалармен жабдықталған ауыр атлетикаға арналған спорт залы мен әмбебап залдар қарастырылған. Ал жоғары қабатта жаттығу алаңдары, теннис үстелі, өрмелеу арқаны, дзюдо татамиі, бокс рингі және ауыр атлетикамен белсенді айналысуға қажетті қосымша жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар ғимаратта асхана, медпункт, массаж кабинеттері де бар. Спорт кешенінде ауыр атлетикадан, бокстан, еркін күрес пен грек-римнен, дзюдодан, пауэрлифтингтен, қол күресінен топтар ашылатын болады. Озық үлгіде бой көтерген бұл мектеп жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Айта кетейік, қазіргі таңда шаһарда статистикалық есеп бойынша 1077 спорттық нысан тіркелген (оның ішінде, дене шынықтыру және спорттық мәндегі – 521, білім мекемелерінде – 503, спорт мекемелерінде – 53). Жалпы 1077 спорт нысанның 150-і жеке меншікте. Биылғы жылдың 1 тоқсанында шаһарда «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром құрылысы» пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін қосымша 4 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне тапсырылмақ. Олар – «Металлург» стадионы, №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, №20 спорт мектебінің спорт кешені және «SPORT LIFE» футбол орталығы.