ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Шымкент қаласының Абай ауданы әкімі аппараты бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің қал-жағдайымен танысу мақсатында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов арнайы кездесу өткізді. Шара Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың қатысуымен өткен жиында «ҚР Еңбек кодексінің», «ҚР «Кәсіптік одақтар туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» туралы заңдардың талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұжым мүшелері тарапынан еңбек заңнамасына қатысты сауалдар қойылып, жауаптар алынды. Сонымен бірге ісімен ілгерілеп, еңбегімен елдің көзіне түскен мамандар марапатталды. Нақтырағы, 23 маусым — мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында кәсіподақ мүшелеріне арнайы Алғыс хаттар табысталды. Тарқатар болсақ, филиалдың «Еңбек озаты» төс белгісімен Шымкент қаласының Абай ауданы әкімі аппараты Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы-әдіскер Қалимаш Сапарбекова, Құрмет грамотасымен Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас мамандары Еркебұлан Насыр Мағжан Қалшабеков, Алғыс хаттармен Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Қалмұратов, Әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Арынғазиев, Инфрақұрылымды бөлімінің бас маманы Нұрбақыт Тұрнияз марапатталды. Жиын соңында марапатқа ие болған мамандар жұмысын жетілдіріп, ерен еңбектің үлгісін көрсетуге сөз берді. Сонымен қатар мұндай марапаттардың болуы жұмысты ширатып, үлкен нәтижеге жетуге ықпал ететінін айтты. Айта кету керек, бүгінде қала аумағындағы түрлі мекемелердің еңбек ұжымымен кездесулер жиі өткізіліп келеді. Онда негізінен қызметкерлерге еңбек заңнамасы түсіндіріліп, туындаған сұрақтарға жауап беріліп келе жатыр.