КӘСІПОДАҚ МІНДЕТІ ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕЙДІ
Ең саласындағы саясатты жүзеге асыруда кәсіподақтардың маңызы айрықша. Өйткені кәсіподақ қарапайым жұмысшының өз қабілеттерін жан-жақты дамытуына, құқығының қорғалуына, сонымен қатар ынталандыруға үлкен үлес қосады. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Тарқатайық…
Жаздың жаймашуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі – медицина қызметкерлерінің күні. Маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Осы орайда, осынау мереке күні «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының қалалық филиалы халық денсаулығын жақсару жолында жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан медицина қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, марапаттады. Яғни Шымкент қаласының бірқатар денсаулық сақтау саласындағы үздіктеріне салалық кәсіподақ атынан алғыс хаттар, құрмет грамоталары және төсбелгілер табыс етілді. Салтанатты шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, ақ халатты абзал жандар мен кәсіподақ активі қатысты. Салтанатты жиында сөз алған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек мерекелік құттықтау лебізін білдірді. Өз сөзінде «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина саласы қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер ұлт саулығы жолында салауатты өмір салтын қалыптастыруда адал қызмет етіп келесіздер. Кәсіби маман ретіндегі Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз әрбір науқас үшін маңызды. Бүгінде өңірде медицина саласы мамандарының кәсіподақ ұйымы үздіктер көшін бастап тұр. Кәсіподақ өз мүшелерінің құқығын қорғап, мүддесін көтеру үнемі басты назарда ұстайды. Ұлт саулығы жолындағы жауапты қызметтеріңізге тек сәттілік пен еңбектеріңізге табыс тілеймін!» деді ол. Марапаттау рәсімінде ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі үшін ақ халатты абзал жандарға кәсіподақ ұйымы тарапынан алғы шепте жүрген өз ісінің шеберлеріне 4 төсбелгі табысталып, 5 қызметкерге құрмет грамотасы мен 13 кәсіподақ мүшесіне алғыс хаттар табысталды. Жиын соңында марапат иелері кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.