Еркек тоқты құрбандық немесе Баймағанбетов кімнің бақшасын басты?

Қазақ топырағындағы №1 VIP-тұтқын, байырғы Ішкі істер министрі, бұрынғы Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Нұртайұлы Баймағанбетовтің тағдырына алаңдаушылық басылып, тіпті, қоғам да, билік те «қолын бір-ақ сілтеген» сыңайлы…
Шынымен, қазақ қоғамының шенеуніктерге деген сенімінің қоламтасы қалды ма; әлде, қызыл погондыларды табиғатынан жек көре ме; болмаса, кеденшінің қолының лас, қалтасының қампию себептеріне «сенімді» ме, әйтеуір, Баймағанбетов байғұстың жан айқайына, жүрек «шырылына» ешкім құлақ асар емес…
Сонда тағдыр тәлкегіне түскен Серік Нұртайұлы Баймағанбетов дейтін қазақ еліне қандай әділдік жеткізе алмай жатыр?..
…Рас, Баймағанбетов заң саласының маманы екен. Шашынан бастап, башпайына дейін тұнған шенеунік. Мемлекеттік қызметте, елдің қамында жүріпті.
Хош делік, шенеуніксіз мемлекет жоқ. Әйткенмен, қазақ қоғамындағы шенеуніктер әділетсіздігімен де, әдепсіздігімен де, сауатсыздығымен де, жемқорлығымен де «әйдік» болған…
Бұл жәйтқа Баймағанбетовтің тікелей кінәcі болмаса да, тағдыр-талайы халық қаһарының қатты дауылына тап келген тәрізді. Серік Нұртайұлы құқық қорғаудың қиын-қыстау қатпарларынан өтіпті. Ластығы кемдеу, лаңы басымдау кеденге келгенде, саябаққа серуенге шыққандай босаңсыған секілді. Оның үстіне, өз ырқынан тыс, абайсызда, байқаусызда (әлде, әлдекімдердің айтағымен) біреулердің қазыналы қорасына баса-көктеп кіріп кеткенге ұқсайды…
Өйткені, заң саласының иісі мұрынына бармайтын кісінің өзі оп-оңай шындықтың түйінін түсінетін жағдай қалыптасқан. Мысалы, 2011 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың ақпан айына дейінгі мерзімде, яғни, небәрі 10 айда ғана Серік Баймағанбетов мемлекет қазынасына 1 триллион 100 миллиард теңгенің кірісін кіргізді. Мұндай ғаламат кіріс тәуелсіз Қазақ Елі Кеденінің тарихында бұрын-соңды болмаған. Ол-ол ма, Серік Баймағанбетов барлық кезеңдегі, күллі көрсеткіштер бойынша, қазақ Кеденінің ең үздік басшысы атанды…
Салыстырмалы түрде сараласақ, Баймағанбетовке дейін ең озық Кеден басшысы бір жылдың өзінде (Баймағанбетовтен 2 ай артық мерзімде) небәрі 700 млрд теңге ғана кіріске әрең қол жеткізген…
«Бақсақ – бақа екен» демекші, Баймағанбетов «байқамай жұтып қойды» деп, шулаған 400 млрд теңге «көлеңкедегі» көкелеріміздің бақшасындағы «байлық» болса керек?!. «Бақшаның» бойымен еркін ағып, «еркелеп» жетіп жатқан тоқтаусыз, толассыз, толымды ен-байлыққа тоған қойған кісі кімге жаға қойсын?..
Қазақ топырағында торғай да тұрлаусыз ұшпайды, айталық, Баймағанбетов ісін тергеу тобының жетекшісі қарполдағы «тас лақтырсаң, басына тиетін» кездейсоқ қазақ емес, ұлты бөтен, жынысы басқа қарполдың капитаны Оксана Кексельдің тағайындалуы да тегін болмас.
Сірә, Кексельдің тасасында Қосабаға тығылған Бекежанның қандастарының жасырын жатуы әбден мүмкін…

***
Біз тергеуші де, прокурор да, қорғаушы да емеспіз. Бірақ, бүгінде дыбыстық-көріністік (аудио-видео) жазбаларды мың құбылтуға болатындығын да білеміз, Баймағанбетовтің көмекшісі Иван Панфилов дегеннің өзінің бұрнағы басшысының қайта өсуінен күдерін үзіп, орыс тіліндегі дыбысталуы өте ұқсас «расход» пен «восток» сөздерін шатастыруы мүмкіндігін де түсінеміз.
Бірақ, бір нәрсе айқын: пара беруші болмаса, пара алушы да болмайды… Сондықтан, қазақ қоғамының белсенді мүшелері парақорлықпен тұтас қоғам болып күресу қажеттігін айтып келеді…
Егер Кеденнің Шығыс Қазақстан облысындағы департамент бастығы Ұлықбек Жаңабаевтың өз қолымен С.Баймағанбетовтың қолына пара ұстатқаны рас болса, әрі нақты айғақтармен дәлелденсе, Ұлықбек Жаңабаев та «пара бергені үшін», ал, Иван Панфилов «қылмыстық іске қатысқаны үшін» жауапқа тартылуға тиіс…
Ал, Серік Баймағанбетовке тағылған «қызметтік көлігімен баласын балабақшаға апарған, әйелін жұмысына жеткізіп тастаған» деген күлкілі де күңгірт, әлсіз де әлжуаз «айыптаулар» тергеушілер мен айыптаушылардың кәсіби жарамсыздығын ғана көрсетеді…
***
…Шаруа да, шахтер де, шопыр да, шенеунік те адам. Көпшілік күрмексіз болмайды. Бірақ, әрбір адам өзі үшін ғана жауапты. Айталық, бір шопырдың қателігіне күллі шопырды кінәлау – әділдікке жата ма?..
Терең бойламай-ақ, Серік Баймағанбетовтың Кеден комитетіндегі ел қазынасына еселеп түсірген кірістері – бұл азаматтың ұлттың ертеңін, елдің келешегін ойлағандығын талассыз дәлелдейді…
…Адалдың алды, тазаның табаны қай заманда да тайғақ болған…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА