ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕГІ ЖАСТАР ПСИХОЛОГТАН КЕҢЕС АЛДЫ

75
0
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға «Пробация» әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығында жеке психологиялық қабылдау өтті.
Психологиялық көмек көрсетудің мақсаты — пробация қызметінің есебінде тұратын жастармен қоғамдық өмірге қатысу белсенділігі мен өзара қарым-қатынас мәдениетін арттыру, мінез-құлықтың әлеуметтік жағымды дағдыларын қалыптастыру. Психологиялық кеңесте бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттыру, жаңа қоғамдағы адамгершілік, патриотизм сезімдерін дамыту бағытында жеке-жеке сұхбат жүргізілді. Сонымен қатар, көптеген психологиялық жаттығулар жасалып, сауалдарына жауап берілді. Шымкентте мүгедектігі бар және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға жұмыс орындарына квота белгілеу тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 50 ұйымға 227 жұмыс орны бекітіліп, қазіргі таңда, 25 мекемеге 54 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты. Қала әкімінің тапсырмасымен 2022 жылы – ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 19 мекемеге 53 жұмыс орны бекітілген. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 20 мекемеге 56 жұмыс орны бекітілген. Бүгінгі таңда, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған – 2 азамат, пробация қызметінің есебінде тұрған – 13 азамат жұмысқа орналасты. Аталған шаралардың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, және пробация қызметі есебіндегі азаматтардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.