ТОҒЫСТЫҚ ЖАСТАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

68
0
Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып отыр. Осындай жастардан құралған Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері бүгінгі «Жастардан-жастарға ақпараттық керуен» жобасы аясында қаладан шалғай орналасқан «Тоғыс» елді мекені жастарына ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.
Олар ақпараттандыру барысында жұмыс іздеп жүрген жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен жастарға тиімді бағдарламалар жөнінде бағыт-бағдар берді. Оның ішінде әсіресе, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша толыққанды ақпараттар беріп, сұрақтарына жауап берді. “Жастар практикасына” соңғы 3 жылда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарын бітірген, бірақ еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады. Еңбек нарығында бос жұмыс орындарын іздеген кез-келген азамат «Электронды еңбек биржасына» жүгінуіне болады. Айта кетейік, үшінші мегаполисте жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдайды. Жұмысшылардың еңбек ақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Жалпы, жыл соңына дейін тағы 500-ден астам адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Мамандар тиісті талаптар негізінде келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді. Айта кетейік, еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі – жұмыссыздық. Осы орайда, аталған мәселемен күресу бағытында да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізілуде. Бұдан бөлек, қайтарымсыз гранттар арқылы кәсіп бастаймын деушілерге де қолдау көп.