ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС — ҚАНДАСТАР ЖИІ ҚОНЫСТАНАТЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ БІРІ

111
0

Тәуелсіздік алған уақыттан бері талай қандас атамекеніне оралды. Мұның өзі тарихтың сан қилы кезеңінде тарыдай бытырап, тарап кеткен ұлтымыздың бір тудың астына жиналуына сеп болды. Көш әлі тоқтаған жоқ. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылдың 9 айында 11 165 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Ал 1991 жылдан бері жалпы саны 1 миллион 99,1 мың этникалық қазақ оралыпты. Өткен жылы атажұртқа асыға жеткендердің көбі Өзбекстаннан келді. Тағы 10,5 пайызы – ҚХР-дан, 7,1 пайызы –Түрікменстаннан, 4,6 пайызы – Моңғолиядан, қалған 8,3 пайызы басқа елдерден көшіп келген. Қандастар жиі келетін өңірлерге келсек, 30,8 пайызбен Алматы, 17,2 пайызбен Маңғыстау, 9,4 пайызбен Түркістан, 6,8 пайызбен Жамбыл облыстары және 5,9 пайызбен Алматы, 7,5 пайызбен Астана, 7,6 пайызбен Шымкент қаласы көш басында тұр. Биылғы жылы да шекара асып, шеттен келген қандастардың қатары қалыңдап келеді. Мәселен, жыл басынан бері үшінші мегаполисте 269 адам «қандас» мәртебесін алды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 адамға артық.

Алыс-жақын шетелдерден көшіп келген тұрғындар «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығында 6 ай бойы мемлекеттік тілді үйреніп, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары бойынша көмектер алады. Осындай бейімдеу қызметтері қазір 50 шақты мүшесі бар 18 отбасыға көрсетілуде. Айта кету керек, қоныс аударғандардың басым бөлігі — ТМД елдерінен келгендер. Тарқатсақ, Өзбекстан Республикасынан 260, Ресейден 5, Қырғызстаннан 1 және Қытайдан 3 адам көшіп келген.

Айта кету керек, «қандас» мәртебесін алғандар бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiмен қамтамасыз етілген. Жергілікті халық секілді медициналық көмекпен қамтылып, мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдардан орындар беріліп, техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарында бiлiм алу мүмкiндiгiмен, басқалармен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен, жұмыспен қамтылу секілді жағдайлар жасалған. Мәселен, қандастар көшіп келу кезінде көлік құралдарын қоса алғанда жеке пайдалануға арналған мүлікке кеден төлемдерін төлеуден босатылады. Қазіргі таңда елімізге көшіп келіп, ісін дөңгелетіп, мемлекеттің қамқорлығын сезініп өмір сүріп жатқан қандастарымыз жетерлік. Әсіресе шекара асып жеткен қандастарымыздың арасында жеке кәсібімен айналысып жүргендер жетерлік екен. Ел дамуына атсалысып, туған жеріне келіп туын тіккен қандастарымызға барынша жағдай жасалуда.

Сонымен қатар қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Яғни олардың сіңісіп кетуі үшін ең алдымен жұмыспен қамту көзделген. Сондай-ақ заң аясында мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну несиесін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы берілетіні анық жазылған. Тіпті қандастар немесе оның отбасы мүшелері оларды қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізгеннен кейін қайтыс болған жағдайда, мемлекеттік қолдау шаралары қандастарға немесе отбасы мүшелеріне олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанына қарамастан ұсынылатыны айқындалған. Яғни оларға жергілікті халықпен бірдей мемлекет тарапынан көрсетілетін мүмкіндіктерді пайдалана алады. Көші-қон саясаты аясында оларға жасалып жатқан жағдай өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Соның арқасында елге келген қандастарымыздың жерсінбей кетіп қалуы жоққа тән.