ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДЕЙІН 9 БІЛІМ ҒИМАРАТЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады.
4-шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі. Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады. Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Аталған нысандарды аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына сақадай сай етіп жасақтауды ескертті. Айта кету керек, үшінші мегаполисте білім саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бүгінгі таңда қаладағы үшауысымды мектептердің санын азайту және түпкілікті шешу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса бермек. Ал атқарылған жұмыс сапасы қала басшысының тікелей бақылауында.