МИРАС, ШАПАҒАТ-2 ШАҒЫНАУДАНДАРЫНА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА

68
0
Шымкентте елдімекендерге канализациялық желілерді тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір Мирас, Шапағат-2 шағынаудандарында кәріз жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге елдімекендерге барып, осы бағыттағы құрылыс қарқынын қадағалады. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын.
Құрылысқа 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылуда. Өндірістік кестеге сай құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 85% аяқталған. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып, абоненттерді орталықтандырылған желіге қосуды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Биыл Тассай, Тұран, Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 % — дан 65 % — ға артатын болады. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында Самал-3 шағынауданын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталды. Күні кеше аталған елдімекенді аралау кезінде Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындармен кездесіп, жол құрылысы барысын тексерген болатын. Бүгінгі жиында шағынауданды аралау кезінде анықталған өзекті мәселелер мен халықтың талап-тілегі талқыланып, шешу жолдары ұсынылды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырысымен аталған мекен жайда 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, былтырғы жылдың соңында қолданысқа берілген. Қазіргі таңда мамандар тұрғындар арасында кәріз жүйесіне қосу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша канализациялық желілердің ұзындығы 37,3 шақырымды құрайды. Нысан 4 мыңнан астам абонентті орталықтандырылған желіге қосуға мүмкіндік береді.