ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ САЯБАҚТЫҢ СУАРУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

62
0
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты ерекше қорғалатын табиғи аймақ болып табылатын А.Асқаров атындағы Шымкент Дендрологиялық саябақ аумағы заманауи талапқа сай суарылуда. Саябақты жүйелі түрде суару мақсатында 4 су ұңғымасы қазылды.
Сондай-ақ суару жұмыстарына демеушілер есебінен 4 техника 20 ға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Қазіргі таңда 1 су ұңғымасы іске қосылып, Тұлпар аумағын суару жұмыстары жүргізілуде, 2 су ұңғымасы жақын күндері іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда дендросаябаққа күрделі жөндеуден өткен БМК су арнасы арқылы су келіп, жасыл желекті суғару жұмыстары талапқа сай атқарылуда. Айта кету керек, Шымкентте микроклиматты жақсарту бойынша төрт кезеңді қамтитын жұмыс жоспары жасалған. 5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні аясында, ауқымды жоба іске қосылып, қаладағы үш көшенің бойында орналасқан арықтарда су жүре бастады. Бұған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы микроклимат, көгалдандыру, қала тазалығы мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында микроклиматты жақсартуда үлкен жобамыздың бастамасын қолға алдық. Ішкі көшелердегі арық бойымен жүріп өткен су арқылы салқын ауа болады. Сондай-ақ қураған шөптердің көгеріп жатқандығы байқалуда. Бұл арқылы микроклимат жақсарып қана қоймай, ирригациялық арықтарда да мәселе туындамайтын болады. Мамандардың бақылауымен жыл соңына дейін 13 көшенің бойымен су жүргізу жоспарланып отыр. Ал, БМК каналының құрылысы толық аяқталған уақытта қаладағы барлық көшелердің бойындағы арықтарда су жүреді. Мұның жұмысы төрт кезеңге бөлініп жүзеге асады» деді Е. Жақсылықұлы.