«БӘЙДІБЕК БИ-АРҒЫНБЕКОВ» ҮШДЕҢГЕЙЛІ ЖОЛАЙРЫҒЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН АШЫЛУДА

49
0
Шымкент қаласында Бәйдібек би-Арғынбеков күре жолы қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы қазір қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жолайрық салу барысында графиктік кестенің сәйкестігі мен сапасын қадағалау мақсатында бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысанын аралап шықты. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысқа қатысты нақты ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысанның жұмыстарын атқару кезінде сапаға деген жауапкершілік ең маңызды екеніне тоқталды. Естеріңізге сала кетейік, 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жолайрықтың Арғынбеков көшесіндегі тұсы ашылған болатын.
Ал 10 шілде күні Арғынбеков көшесінен келе жатқан көлік ағынына, сондай-ақ Бәйдібек би даңғылына түсетін оң жақ өткелдің көлік қозғалысына жол ашылды. Құрылыс жұмыстарын осылай ыңғайластыра отырып, көлік кептелісін азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен ашылуда. Ал, жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын түгел қамту биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр. Айта кету керек, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Ал 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.