БИЫЛ 1-4 СЫНЫПТАҒЫ БАРЛЫҚ ОҚУШЫҒА ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚ БЕРІЛЕДІ

42
0
Биылғы оқу жылында ел бойынша 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған», — делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінде. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге. «Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары болды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады», — деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының басшысы Дана Мақтаева. Айтылып өткендей, бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр. Жалпы Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Қазығұрт шағын ауданындағы №66 жалпы орта білім беретін мектебі қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін аталған мектептегі құрылыстың жай-күйімен танысты. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың мамыр айынан басталған. Іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған ғимарат 1260 орынға лайықтап салынған. Мұнда қазір екі мыңнан аса оқушы білім алуда. Үш қабатты нысанның күрделі жөндеу жұмыстары қазір 20 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіліп, жаңа жыл қарсаңында мектеп ұжымы мен оқушылар игілігіне беріледі деп күтілуде.