ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ТҰРАН, БОЗАРЫҚ, АҚЖАЙЫҚ ШАҒЫНАУДАНДАРЫНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

64
0
Елімізде баспананы қолжетімді ету – жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, экономикалық өсімнің локомотиві бола алатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран ықшам ауданында 18 үй, Бозарық мөлтек ауданында 54 үй, Ақжайық мөлтек ауданында 26 үй салынуда. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспаналар. Бұдан бөлек, жыл қорытындысымен жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарлануда. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын жүзеге асыру және көпқабатты үйлерді сейсмикалық нығайту мәселелері талқыланды. Жиналыс барысында реновациялауға жатқызылған 6 үйдің орнына жаңа заманауи көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысын салу жоспары пысықталды. Бағдарлама шарты бойынша тұрғындарға жаңа көппәтерлі үйден пәтерлер берілетін болады. Бүгінгі таңда, 6 мекенжай бойынша қызығушылық танытқан инвесторлар бар. Алдағы 2 апта шеңберінде бірлескен келісім шарттар түзілетін болады. Сонымен қатар, аталған тұрғын үйлерді қыркүйек айына дейін бұзу жоспарланған. Сейсмонығайту бойынша қала аумағында 36 үйге техникалық зерттеу жүргізілген болса, оның 13-не жобалық құжаттамасы әзірленеді. Ал қалған 23 үйдің техникалық зерттеу қорытындыларының мерзімі өткен. Бүгінгі таңда, қала бойынша 199 үй техникалық зерттеуді қажет етеді. Сонымен бірге, бірінші кезекте сейсмикалық нығайтуды қажет ететін 17 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу қорытындысын алу мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар, техникалық зерттеу қорытындысына сәйкес, бірінші кезекте сейсмонығайту талап ететін 5 көппәтерлі тұрғын үйлерге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім берілген. Мұрат Дүйсенбекұлы басқарма басшылары мен «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасына бағдарламаны шұғыл бастауға және 2023 жылға белгіленген индикаторды орындауға тапсырма берілді.Сондай-ақ халық қауіпсіздігін алдын алып, қаладағы көпқабатты ғимараттарды сейсмонығайту шараларын талапқа сай жүргізуді тапсырды.