ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНДЕГІ АЗАМАТТАРДЫҢ 75%-Ы ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ

42
0
Қазақстан Республикасы Президенті 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қоссам деген жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналатын жоба қажеттігін атап өткен болатын.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 27 тамыздағы №141 Жарлығымен Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы Жарлықпен оның ережесі, құрамы мен қағидалары да бекітілген болатын. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуді ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келеді. Осы орайда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі қыркүйек айынан басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан айтты. Жастар кадр резерві бойынша 2019 жылы өткізілген алғашқы іріктеуде 300 адам, ал, 2021 жылғы іріктеуде 50 адам резервке алынған болатын. Қазіргі таңда осы 350 адамның 264-і, яғни 75% мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жұмысқа орналастырылды.

Жастар кадр резервіне үшінші іріктеу кезеңінің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар бойынша нақты мақсатты іріктеу өткізу:
 Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
 Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
 Сыртқы саясат және инвестициялар;
 Экономикалық және қаржылық саясат;
 Цифрландыру;
 Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
Бұл ретте, үміткерлермен әңгімелесуміндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.
Жастар кадр резервіне Үміткерлерге қойылатын НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР:
— ҚР азаматтылығы бар;
— жасы 35-тен аспаған;
— жоғары білімді;
— 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет.
Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.