ЖӘРМЕҢКЕДЕ ГРАНТ ИЕЛЕРІНІҢ ӨНІМДЕРІ ҰСЫНЫЛДЫ

65
0
«Арбат» алаңында өткен жәрмеңкеде қайтарымсыз грант иелері ірі кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, мемлекеттік қолдау аясында кәсіптерін дөңгелетіп отырған 200-ге жуық грант иесінің бизнес-жобаларымен танысты.
Былтыр қалада мемлекеттен 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз қаражат алған 1000-нан астам азамат бүгінде тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қол өнер және жиһаз өндіру кәсіптерімен айналысуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мамандары бағдарлама қатысушыларына алдағы уақытта шағын кәсіптерін кеңейтіп, орта бизнес деңгейіне арттыруда қолдау көрсетуде. Іс шара барысында ірі кәсіпкерлер өнімдерге қызығушылық танытып, грант иегерлерімен әріптестік байланыс жасауға уағдаласты. Қала әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында бизнеске бет бұрған тұрғындарды жан-жақты қолдауда тиісті шаралар жалғасатынын жеткізіп, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Биыл қалада 400-ден астам бизнес-жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жыл басынан бері 228 азаматқа бизнес бастауға қайтарымсыз грант берілді. Бүгінде қосымша 219 грантқа өтінім қабылдануда. Жалпы, былтыр Шымкент қаласында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант иегері атанған 1096 азамат өз қызметін салық органдарында тіркеп, есептерін тапсырған. «Қайтарымсыз грант әлеуметтік осал топтағы азаматтардың аяққа тұрып, өз кәсібін ашуына берілетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар тарапынан тексеру жүргізіліп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 893 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 827 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Қалған азаматтардың кәсібіне алдағы уақытта зерделеу жүргізілетін болады» дейді қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева. Басқарма мәліметінше, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық бөліміне мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланған үшін жалпы 142 азамат ұсынылған. Оның ішінде қаражатты қайтару үшін сотқа 136 азаматқа қатысты талап арыздар жолданып, оның ішінде 109 азаматқа қаржыны қайтару бойынша сот шешімі шықты. 24 азаматтың талап арыздары қазіргі таңда сотпен қаралуда және 9 азаматқа қатысты талап арыздар алдағы уақытта сотқа жолданады. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған.