ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

32
0
Шаһар басшысы арнайы экономикалық аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты. Алдымен “Шымкент химиялық компаниясы” ЖШС-не барып, өндіріс барысын қарады. Бұл кешен өңдеу өнеркәсібіне елеулі үлес қосып, отынның октан санын арттыруға арналған метил-трет-бутил эфирін шығарады. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 57 мың тонна өнімді құрайды.
Одан кейін “Arnatex” ЖШС-нің өндіріс цехтарын аралады. Бұл компания тоқыма емес және геосинтетикалық материалдар өндіруге маманданған. Қазіргі таңда кәсіпорында 40-тан астам қызметкер еңбек етеді. Компания өндіріс көлемін арттырып, өнімін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Әкім “Tumar Textile” ЖШС-нің де қызметімен танысты. Балалар аяқ киімін тігуге бағытталған фабрика алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, әскери форма мен үйге арналған тоқыма бұйымдарын шығаруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, “Хлопкопром-Целлюлоза” ЖШС-не барды. Бұл фабрика гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы, техникалық және тазартылған карбоксиметилцеллюлоза өндіреді. Кәсіпорын жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған, өндіріс толық автоматтандырылған әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз.
Сондай-ақ, “Назар Текстиль” ЖШС-де кілем өндірісінің барысымен танысты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2,5 млн шаршы метр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Компания өндірісті кеңейтіп, полиэфир жіп шығару және тоқыма бұйымдарының ассортиментін арттыру жоспарын ұсынды.
Аралау қорытындысы бойынша әкім жауапты тұлғаларға кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шараларын қарастырып, өнімдерін өткізуге көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.