«ЕЛДІГІМІЗ БЕН КЕҢДІГІМІЗДІ БІЛДІРЕТІН МЕРЕКЕ»

380
0

Шымкенттіктер Амал мерексеін кең көлемде тойлап жатыр. Абай саябағы, Астана мен Арбат алаңынан бастау алған көрісу шарасы Шымкент қалалық орыс драма театрында салтанатты жиынға ұласты. Онда шаһардың мәдениет басқармасына қарасты жиырмаға жуық мекеменің мамандары бірлесіп, дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын сахналық көрініс қойды. Ұлттық аспаптар оркестрі мен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, жиылған көпшілікті мерекелік көңіл-күйге бөледі.

– Елдігіміз бен кеңдігімізді білдіретін мереке Әз‐Наурыз төрімізге аттағалы тұр. Ұлыстың ұлы күнінде ағайынмен қол алысып, кеуде қағысып, көрісіп жатырмыз. Ежелден жеткен ата‐баба дәстүрін дәріптеп, оны ұрпаққа ұғындару үшін көрісу күнін тойлау маңызды, ‐ дейді Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтай.

Сондай-ақ мерекелік іс-шара барысында Шымкенттегі әскери бөлімдерде Батыс Қазақстаннан келіп, отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар сахнада ата-анасымен бейне байланысқа шықты. Туған-туыстарын Амал мерекесімен құттықтап, көрісу амалын жасады. Мерекелік кешке жиылған қауым ұлттық ойындарды жандандырып, әрі қарай арқан тартыс, кір тасын көтеру, қошқар көтеру сынды сайыстарда бақ сынады.

Айта кетейік, Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар легі 10 күнге жалғасады. Ертең «Қайырымдылық» күні аясында қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларға арналған мерекелік шаралар өтеді. Сондай-ақ, қала әкімінің қатысуымен көпбалалы аналар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар беріледі.